Өңірде сайлаушылардың дауысы есептеліп жатыр
ДИКТОР: Ақмола облысында учаскелік комиссия мүшелері бюллетеньдерді санап, дауыс беру қорытындысын шығаруды бастап кетті. Комиссия мүшелері әр бюллетеньді тексеріп, берілген дауыстарды есепке алады. Жалпы шаһарда сайлау қалай өтті? Тілшіміз айтсын.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Саяси науқанды талапқа сай өткізу үшін аумақтық комиссия бір ай дайындық жүргізді. Арнайы мамандар оқыту курстары мен семинарларда білімдерін шыңдады. Таңғы 7-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық болған сайлау учаскелерінде бір де бір заң бұзу деректері тіркелмеген. Жалпы қала аумағында барлығы 80 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Сайлаушылардың жалпы саны 139 990 адам. Ал бұл - шаһардағы №40 сайлау учаскесі. Мұнда 2718 сайлаушы тіркелген.
СНХ: БИБІГҮЛ ҚАЙРАТОВА, №40 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Биыл алғаш рет дауыс беріп отырған 27 сайлаушы тіркелді. Барлығы келіп, өз таңдауын жасады. Сонымен қатар, 4 дауыс беруші денсаулық жағдайына байланысты үйінде дауыс берді.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Бұл сайлау учаскесінде дауыс беру барысын 6 байқаушы бақылаған. Жалпы, сайлау еш ескертусіз, штаттық режимде өтті.
СНХ: АҚБОТА БАЙТІЛЕУОВА, №40 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Сайлау учаскесіндегі барлық рәсім талапқа сай өтті. Дауыс беру кезінде заң бұзушылықтарды байқамадық. Комиссия мүшелері өз міндеттерін белгіленген тәртіппен атқарды.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Қазір мұнда бюллетеньдерді санау рәсімі жүріп жатыр. Әр дауыс мұқият тексеріліп, нәтижелері хаттамаға енгізіледі. Санақ аяқталған соң учаскенің қорытындысы шығарылады. Бұдан кейін хаттама аумақтық сайлау комиссиясына жолданады. Ал сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы жариялайды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ