Қазақстандағы депутаттар сайлауының тарихы
ДИКТОР: Тәуелсіз Қазақстандағы депутаттар сайлауы — елдің саяси жүйесінің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Қазақстандағы депутаттар сайлауының тарихы елдің тәуелсіздік алуымен, конституциялық реформалармен және саяси жүйенің трансформациясымен тығыз байланысты. Саяси даму кезеңдеріне қарай Парламент Мәжілісі мен Мәслихаттар сайлауы бірнеше маңызды тарихи белестерден өтті. Ал бүгін жаңа Конституция мен реформаларға сәйкес елімізде алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтуде.
РКС: Кеңестік дәуірден өтпелі кезеңге көшкен тұстағы 1990 жылы өткен сайлау Қазақстанның қазіргі саяси тарихы мен егемендікке түскен жолындағы ең маңызды бетбұрыстың біріне айналды. Сол жылы 25 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің соңғы 12-ші шақырылымының депутаттарын сайлау өтті. Бұл сайлау елдің егемендік декларациясын және Тәуелсіздігін жариялаған тарихи Парламентті жасақтады. Орын алған 360 мандат үшін 2000-нан астам үміткер бақ сынасты. Дәл осы сайланған 12-шақырылым парламенті 1990 жылы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны», ал 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдады. Араға 4 жыл салып, 1994 жылдың 7-ші наурызында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш кәсіби Парламенті — 13-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес сайланды. Бірақ, бұл шақырылым саяси дағдарысқа байланысты 1995 жылы мерзімінен бұрын таратылды. Сол жылы тамыздың 30-да қабылданған жаңа Конституция бойынша Қазақстанда екі палаталы Парламент жүйесі енгізілді. 1995 жыл желтоқсанның 9-да ел тарихында алғаш рет қос палаталы Парламент құрылып, оның бірінші шақырылымы сайланды. Сайлау мажоритарлық жүйе, яғни бір мандатты округтер бойынша өтті. 1999 жылы қазанның 10-да және 24-де Мәжіліс сайлауында алғаш рет аралас жүйе қолданылды. Депутаттардың бір бөлігі мажоритарлық округтерден, ал 10 депутат тұңғыш рет партиялық тізім бойынша сайланды. Бес жылдан соң 2004 жылдың 19-шы қыркүйегінде үшінші шақырылым сайлауы өтті. Бұл Мәжілістің өз мерзімін 5 жыл толық аяқтаған санаулы шақырылымдарының бірі болды. 2007 жылғы конституциялық реформадан кейін мажоритарлық жүйе толығымен жойылып, Мәжіліс тек қана пропорционалды жүйемен сайланатын болды. Сол жылдың 18-ші тамызында 4-ші шақырылым сайлауында тек «Нұр Отан» партиясы 7 пайыздық шектен өтіп, Мәжіліске жалғыз өзі өтті. 2012 жылы көппартиялық Парламент қайта оралды. Заңнамаға «парламентте кемінде екі партия болуы тиіс» деген ереже енгізілгеннен кейін сайлау үдерісі өзгерді. 15-ші қаңтарда өткен 5-ші шақырылымдағы сайлау қорытындысы бойынша Мәжіліске тұңғыш рет 3 партия: «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстан коммунистік халық партиясы өтті. Осылайша көппартиялы Парламент қалыптасты. Араға 3 жыл салып, кезектен тыс өткен сайлау нәтижесінде Мәжілістің алтыншы шақырылымы құрылып, құрамына тағы да сол 3 үш саяси ұйым енді. 4 жылдан соң наурыздың 20-да Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлау Мәжіліс депутаттарының өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастамасынан кейін тағайындалған болатын. Осы науқанның нәтижесінде Парламенттің алтыншы шақырылымы жасақталды. Сайлау толықтай пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша өтті. Төменгі палатаға өту үшін партияларға қойылған 7%-дық барьерді 2012 жылғыдай қайтадан тек 3 саяси партия еңсерді. 2021 жылдың 10-шы қаңтарында 7-ші шақырылым сайлауы өтті. Бұл сайлауда алғаш рет партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілді. Сайлау 7%-дық межемен өтіп, төменгі палатаға қайтадан үш партия жолдама алды. Конституциялық реформалардан кейін Қазақстан аралас сайлау жүйесіне қайта оралды. 2023 жылдың 19-шы наурызында Қазақстанда кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы өтті. 20 жылдық үзілістен кейін елімізде депутаттарды сайлаудың аралас жүйесі қайта оралды. Бұл науқанның нәтижесінде Парламенттің сегізінші шақырылымы жасақталып, төменгі палатадағы депутаттар саны 107-ден 98-ге дейін қысқарды. Нәтижесінде Мәжіліске 6 саяси партия өтті. Ауқымды саяси реформалар аясында қос палаталы парламент жүйесінен бірпалаталы жоғары өкілді орган — Қазақстан Құрылтайына көшу жүзеге асырылуда. Бүгін Қазақстанның заң шығарушы билігінің жаңа үлгісі ретінде құрылған Құрылтай депутаттарының сайлауы. Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді және олар 5 жыл мерзімге сайланады. Сайлау толықтай пропорционалды жүйемен, яғни біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша тек саяси партиялардың тізімі арқылы жүреді. Құрылтай сайлауы - елдің Конституциясына енгізілген ауқымды реформалардың нәтижесінде өтіп жатқан, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерткен тарихи оқиға. Заң қабылдаудың жеделдігіне келсек, бұрын заң жобалары Мәжілісте мақұлданып, Сенатта бекітілетін ұзақ процестен өтсе, енді заңдар бірыңғай орган — Құрылтайда талқыланып, бірден қабылданады. Бұл шешімдердің жедел әрі ашық қабылдануын қамтамасыз етеді. Енді партиялық жауапкершілікте арта түспек. Өзін-өзі ұсыну үрдісі тоқтатылып, сайлау толықтай партиялық жүйеге көшті. Азаматтар жеке тұлғаларға емес, елді дамыту бағдарламасы бар ұйымдарға дауыс береді. Сайлауға ресми тіркелген 7 саяси партия қатысып жатыр.
ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ