«Бір ауыл-бір өнім» жобасы - отандық өнім дамуына жаңа серпін
ДИКТОР: Көкшетауда отандық өнім өндірушілердің басын қосқан «Бір ауыл–бір өнім» атты жәрмеңке-көрмесі өтті. Ауқымды шараға Ақмола облысының 9 ауданынан, сондай-ақ Қосшы, Степногорск және Көкшетау қалаларынан шағын және орта бизнес өкілдері мен жергілікті тауар өндірушілер қатысты. Жәрмеңке төрінен өңір кәсіпкерлерінің маңдай тері мен шеберлігінен туған сан алуан ұлттық өнімді көруге болады. Жергілікті кәсіпкерлердің еңбегін дәріптеп, ұлттық құндылық пен отандық өнімді ұлықтаған тағылымды шарамен тілшіміз танысып қайтты.
STAND-UP: РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ТІЛШІ: «Бір ауыл-бір өнім» жобасы қатарынан 3 жыл ұйымдастырылып отыр. Жыл өткен сайын қатысушылар саны артып, отандық өнімнің дамуына тың серпін беруде. Бүгінгі көрмеге 50-ден астам өнеркәсіп иелері қатысып, ұлттық өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
РКС: Көрме қатысушыларының қатарында Қызылорда өңірінің тумасы, қазір Қосшы қаласында тұрып жатқан Нұржан Ділман да бар. Ұлттық аспаптарды жасаумен ғана шектелмей, ұмыт бола бастаған көне аспаптарға жан бітіріп, қайта жаңғыртуға айрықша мән беретін қолөнер шебері. Бүгінге дейін Нұржан Ділман шамаман 10 мыңға жуық аспап қолдан жасап шығарды.
СНХ: НҰРЖАН ДІЛМАН, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ (ҚОСШЫ): Осы саламен айналысып жүргеніме 25 жыл болды. Қазір ұлттық аспатың 56 түрін жасаймыз. Оны атап айтатын болсақ, үрмелі, ыспалы, шертпелі бөлінеді ғой өзі 4-ке, соның мысалы домбыра, қобыз, жетіген, дауылпаз бүкіл аспаптарды жасаймыз. 2017 жылы Қосшы қаласында тұрақталып, сол жерде шеберхана салып, жұмыс істеп жатқан жайым бар. Қазір 2 шәкіртім бар жұмыс жасап жатқан. Жарым осы бүкіл аспаптардың ою-өрнектердің дизайынын сызып, ойып жасайтын сол кісі.
РКС: Ұлттық аспаптар мен қазақы нақыштағы қолөнер бұйымдары келген қонақтардың көз жауын алып, тамсандырса, отандық өнімдерден жайылған мол дастарқан қазақтың дарқан көңілі мен берекелі тіршілігінің көрініс айқындағандай. «Ас атасы-нан» демекші, жаңа піскен, хош иісі аңқыған нанның сан түрі келушілердің тәбетін ашса, ет пен сүттен әзірленген ұлттық тағамдардың сан алуандығы мен тіл үйірер дәмі қазақы дастарқанның байлығы мен қадір-қасиетін айшықтай түсті.
СНХ: ҚАРЛЫҒАШ САДЫҚОВА, ЖЕКЕ КӘСІПОРЫННЫҢ БАСШЫСЫ: Атбасарда үлкен цехымыз бар 100-ден астам продукция шығарамыз. Біз қазіргі қазақ елінің жоғалып кетіп бара жатқан тағамдарынан пирогтар, торттар жасап халықты хоти удивить. Қызыл ірімшік, талқан, тары, жент, қазір көбісі мұны түсіне бермейді и көбісі жоғалтып алып жатыр. Сол үшін осы ярмаркаға келіп отырмын.
РКС: Айта кеткен жөн, Қарлығаш Садықова осыдан 2 жыл бұрын дәл осы жоба аясында «Жылдың үздік өнімі» номинациясын жеңіп алып, өз еңбегінің жемісін көпшілікке танытқан. Бүгінде бұл жоба кәсібін нық қалыптастырған тәжірибелі шеберлермен қатар, өз ісін енді ғана бастап, алғашқы қадамдарын жасап келе жатқан шағын өндірушілерге де кең мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.
СНХ: РУСАНА НҰРСАЛЫҚОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мен қолдан шұжық өнімдерін өндіретін жергілікті кәсіпкермін. Шұжықтың бірнеше түрін әр түрлі тәсілмен дайындаймын. Оларды тек қой және сиыр етінен, сондай-ақ тауық пен үйрек етінен әзірлеймін. Барлық өнімді өз үйімде дайындаймын. Бұл кәсіпті осы жылдың наурыз айында ғана меңгердім. Ақтөбе қаласында Нұргүл Бижанованың жанында арнайы оқып, тәжірибе жинақтадым. Оқуды аяқтай салысымен бірден өз ісімді бастап кеттім.
РКС: Көрмеге қойылған отандық өнімдер келушілердің көңілінен шығып, көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. «Бір ауыл-бір өнім» жобасының талаптарына сәйкес, көрмеге ұсынылған өнімдер арнайы жұмыс комиссиясының сараптауынан өтеді. Нәтижесінде үздік деп танылған 20 өндірушінің өнімі іріктеліп алынады. Ал шамамен 1 айдан кейін сол үздік қатысушылардың арасынан ең жоғары бағаланған 10 өнім анықталады. Олар кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грантқа өтінім беруге жолдама алады. Мемлекеттік қайтарымсыз грант көлемі 5 миллион теңге. Сонымен қатар үздік өндірушілерге өңірдің танымал отандық өнімдерін айшықтайтын «Ақмола бренді» атағы беріледі. Бұл жергілікті кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, сапалы отандық өнімді дәріптеуге бағытталған маңызды мүмкіндік.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ