Негізгі Жаңалықтар Құмар ойынға қатысқан мемлекеттік қызметшілер жұмыстан босатылды

Құмар ойынға қатысқан мемлекеттік қызметшілер жұмыстан босатылды


ДИКТОР: Мемлекеттік қызметшіге құмар ойын ойнауға болмайды. Бұл заңмен тыйым салынған. Алайда аймақта бұл талапты елемей, букмекерлік қосымшалар арқылы жүйелі түрде бәс тігуді әдетке айналдырған бірқатар қызметші анықталды. Олар қызметінен босатылды. Бұл мәселе бүгін Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

РКС: Тексеру барысында кейбір қызметшілердің букмекерлік қосымшаларға жүйелі түрде ақша аударып, бәс тіккені анықталған. Жеке шоттарын толықтыруға жұмсаған қаражаты миллиондаған теңгеге жеткен. Мұндай әрекет мемлекеттік қызметшінің беделіне ғана емес, оның қызметтік мәртебесіне де кері әсер етеді. Сондықтан анықталған фактілер бойынша тәртіптік шаралар қабылданып, бірқатар қызметші лауазымынан босатылды.

 СНХ: ӘЛІМЖАН АЙТАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы және қызметтік тәртіпті бұзуы тәртіптік теріс қылық болып саналады. Мұндай жағдайда ескерту мен сөгістен бастап, қызметтен босатуға дейінгі тәртіптік шаралар қолданылады.

РКС: Кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібі де талқыланды. Екінші тоқсанда облыста 199 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылған. Олардың басым бөлігі өз қателігін мойындаған. Сондықтан бұл істер тәртіптік комиссияның жеке отырыстарында қаралмаған. Алайда жаза тағайындау кезінде талаптарды бұзған жағдайлар да анықталған. Мәселен, кейбір қызметшілерден жазбаша түсініктеме жаза туралы бұйрық шыққаннан кейін алынған. Кейбір құжаттарда қызметшіге не үшін жаза қолданылғаны да көрсетілмеген. Ал бірқатар мемлекеттік қызметші өздеріне қатысты шығарылған бұйрықпен уақытында таныстырылмаған.

 СНХ: МАДИЯР АХМЕТЖАНОВ, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Ол Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының нормаларына сәйкес, жауапкершілікке тартылған барлық мемлекеттік қызметшілер өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамау бойынша жіберілген бұзушылықтар фактілерімен толық келісті. Осыған байланысты заңнама талаптарына сай, бұл жағдайларда тәртіптік іс-шаралар жүргізілген жоқ және тәртіптік комиссия отырыстары өткізілген жоқ. Тәртіптік жазалар мемлекеттік қызметшілердің жазбаша келісімі негізінде уәкілетті тұлғалардың тиісті өкімдерімен қабылданды. Жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілерге қолданылған шараларға тоқталатын болсақ, олардың басым бөлігіне ескерту және сөгіс түріндегі тәртіптік жазалар берілген.

РКС: Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына профилактикалық жұмысты күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету және қызметшілер үшін оқыту семинарларын өткізу ұсынылды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар