Кәмелеттік жасқа толмаған 5 мыңға жуық жасөспірім психологиялық қолдауға жүгінді
ДИКТОР: Соңғы жарты жылда 5 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім облыстық психологиялық қолдау орталығының көмегіне жүгінді. Мұндай қолдау орталығы өңірде осыдан 2 жыл бұрын ашылды. Орталықта білікті мамандар қиын жағдайға тап болған балаларға психологиялық қолдау көрсетіп, амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өтініштердің құпиялылығы сақталады. Балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін психологиялық қолдау мен көмектің түрлері туралы тілші баяндасын.
РКС: Орталықта 9 маман жұмыс істейді. Білікті мамандардың қатарында 2 клиникалық психолог, терапевт, бала психологы мен әлеуметтік педагог бар. Жұмыс түрлі бағытта жүргізіледі. Соның ішінде аутодеструктивті мінез-құлықтағы жасөспірімдер мен өз-өзіне қол жұмсау сияқты суициальды ойдан арыла алмай жүрген балаларға психологиялық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, мамандар балаларға тәуелділікпен күресуге жәрдемдеседі. Психолог мамандардың айтуынша техналогия дамыған сайын, балалардың бойындағы дағдарыс күйінің формасы да өзгерген.
СНХ: АЙБЕК ХАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: Қазір балалардың күйзелістегі жай-күйін отбасының әлеуметтік жағдайына қарап бөле-жаруға болмайды. Мұндай жағдай кез келген отбасында болу әбден мүмкін. Біріншіден бұған әлеуметтік желінің, екіншіден айналасындағы ортаның әсері ықпал етеді. Қазір қоршаған орта да, қоғам да өзгеріп жатыр. Мұның бала психологиясына деген әсері зор. Сонымен қатар, ана мен баланың арасындағы қарым-қатанастың да маңызы ерекше. Өйткені балалар интернет желісіндегі өмірін ата-аналардан жасырады. Салдарынан баланың мінез-құлқы да өзгереді.
РКС: Пациентті қабылдау барысында алғашқы 2-3 күн маман баланы жан-жақты бақылап, сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға көңіл бөледі. Кейін жасөспірімнің психалогиялық ахуалына байланысты 3 айдан 1 жылға дейін психалогиялық сүйемелдеу көрсетілуі мүмкін. Егер баланың бойында оң үдеріс байқалса, орталық мамандары баланы мектеп педагог-психолог мамандарына бағыттайды. Сонымен қатар, ата-аналармен де профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
СНХ: ГҮЛІМ ШӘРІПОВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Орталық қызметкерлері, соның ішінде психологтар да, аудандарда ата-аналар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Ата-аналар конференцияларын ұйымдастырып, ата-аналар жиналыстарына қатысамыз. Қазір жасөспірімдік кезең де біршама ертерек басталуда. Бұрын жасөспірімдік шақ 14–15 жастан басталса, қазір 10–11 жастағы балаларды да жасөспірімдер қатарына жатқызуға болады. Балалар өзгерген сайын, оларға қойылатын талап пен қарым-қатынас, оларға деген әдіс тәсілі де өзгереді. Біз осы бағытта жұмыс істеп, орталыққа көмек сұрап келген ата-аналарға қажетті кеңестер береміз. Сонымен қатар ата-аналардың өздерін де психологиялық тұрғыдан сүйемелдеп, қолдау көрсетеміз.
РКС: Сала мамандары бала тәрбиесінде ата-ана мен бала қарым-қатынасының маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Сондықтан олар тек балаларға ғана емес, үлкендерге де қол ұшын созуға әзір. Бұдан бөлек ата-аналар кез келген уақытта хабарласып, қажетті кеңес пен психологиялық қолдау ала алатын 111 сенім телефоны жұмыс істейді. Ол еліміз бойынша қызмет көрсетеді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.