Shaiqas-2026 әскери-инженерлік чемпионатының финалына 400-ден астам адам қатысты
ДИКТОР: Қазақстанда тұңғыш рет «Shaiqas-2026» Ұлттық әскери-инженерлік чемпионаты өтті. Байқаудың шешуші кезеңі Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында ұйымдастырылды. Ауқымды додаға еліміздің әр өңірінен 400-ден астам әзірлеуші, инженер, студент және күштік құрылым өкілдері қатысып, өздерінің озық жобалары мен кәсіби шеберліктерін ортаға салды.
РКС: Сайыс барынша шынайы жағдайға жақындатылған форматта ұйымдастырылды. Роботтар кедір-бұдыр жерлерді еңсеріп, миналы алаңдағы тапсырманы орындады. Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институтының курсанты Асылбек Сапарбектің айтуынша, бұл кезеңдегі ең күрделі тапсырма – миналарды белгіленген орынға жоғары дәлдікпен орналастыру.
СНХ: АСЫЛБЕК САПАРБЕК, РАДИОЭЛЕКТРОНИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ӘСКЕРИ-ИНЖЕНЕРЛІК ИНСТИТУТЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Яғни біз бұл жерде робототехника, НРК дейді ғой, наземный робототехнический комплекс, соны представлять етеміз. Бізде екі этап осы робототехникаға қатысты бар. Яғни біріншісі — эвакуация манекена, одан кейін минирование, яғни танктің алдына, артына мина қою болады. Яғни бұл жерде робототехникаға қатысты қиын этап сол минирование десек болады. Яғни танкке ыңғайлап, гусеницаға, былайша айтқанда алдына, ар тына сол ыңғайлау сәл қиынға соқты десек болады. Чемпионат қарап тұрғандарыңыздай күшті өтіп жатыр. Яғни толық дайындалған, көптеген командалар түрлі-түрлі өңірлерден келген. Яғни бұл жерде мен өзімнің техникама қарап, басқа да техникаларды салыстыру арқылы өзімнің техникамды одан әрі дамыту туралы ойлар, көптеген ойлар келді. Модификация жасау керек. Әлі де жетіспейтін көптеген кемшіліктер бар, соларды дамыту үстіне көптеген опыттармен, тәжірибемен алмасып жатырмын.
РКС: Жер үстіндегі көліктермен қатар, әуеде де жарыстар бір мезетте өтті. Ұшқышсыз жүйелермен жұмыс істеу айтарлықтай инженерлік дағдыларды талап етті. Қатысушылар дрондарды өздері құрастырып, бағдарламамен қамтамасыз етті және даладағы сынақтар кезінде оларды көкке ұшырды.
СНХ: АЛЕКСАНДР РУСАКОВ, Т.БИГЕЛДИНОВ АТЫНДАҒЫ ӘУЕ ҚОРҒАНЫС КҮШТЕРІ ӘСКЕРИ ИНСТИТУТЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Қазіргі таңда ұшқышсыз авиация тек әскери салада ғана емес, сонымен қатар күнделікті өмірімізде де алдыңғықатарлы салаға айналып отыр. Байқасаңыз, барлық нәрсе автономды жұмыс істеу жүйесіне қарай ойысуда. Дрондар қазірдің өзінде егістіктерді баптап, жүк пен азық-түлік жеткізуде, сондай-ақ әскери іс-қимылдарда қолданылуда. Дрондарды құрастыру – осы процестің ажырамас бөлігі. Мен мұнда тәжірибе алмасу және өзгелерден үйрену мақсатында келдім. Болашақта өзімнің мінсіз дронымды құрастыру үшін басқа команда мүшелерімен тілдесіп, олардың дрондарды қалай жинайтынын бақылаймын.
РКС: Жарыс бағдарламасы төрт бағытқа бөлінлі. «Әуе жүйесі» номинациясында қатысушылар FPV-дрондарды жинап, барлау жүргізіп, жүктерді жеткізді. «Жердегі жүйеде» роботтар эвакуациялаумен айналысып, инженерлік тапсырмаларды орындады. «Киберқауіпсіздік» жөніндегі мамандар модельденген шабуылдарды көрсетті. Ал «Тактика» блогында командалар атысты, тактикалық медицинаны бірге атқарып, үйлескен іс-қимыл танытты.
СНХ: АСЫЛБЕК МҰРЗАХМЕТОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯНЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жел, аптап ыстық, күннің көзі шақырайған және шаң тозағы басым полигонды әдейі таңдап алдық. Шынайы нақты жағдайда олар өз техникаларын сынақтан өткізеді. Міне осы мақсатта, олар нақты көрсетсін деп осындай чемпионатты ұйымдастырып отырмыз. Негізгі жалпы мақсат – мықты инженерлерді анықтау, біздің күштік құрылымдар үшін олар қай бағытта пайдасын тигізе алатынын көру.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша төрешілер жеңімпаздарды анықтады. Жекелей номинацияларда Sunqar Engineering Team, Visvo және «Бүркіт» командалары үздік деп танылып, 600 мың теңгенің сертификатына ие болды. Қорғаныс Министрі барлық қатысушыға сертификаттар табыстады. Saiman командасы чемпионаттың қола жүлдегері атанып, 3 миллион теңгені иеленді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Қайсар» командасы екінші орынды еншіледі. Оларға 5 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал R&D-орталығының «Қазақстан инжиниринг» командасы «Shaiqas-2026» чемпионатының абсолютті чемпиона атанды. Олар 10 миллион теңгенің бас жүлдесін иеленді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ