Құрылтай сайлауына дайындық қызу
ДИКТОР: Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Ақмола облысында сайлауды ұйымдастыруға қатысты дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы өңірде 759 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазір аймақтың барлық ауданында сайлау учаскелері пысықталып, сайлаушылар тізімі нақтылануда. Аудандардағы дайындық барысы туралы тілшіміз баяндайды.
РКС: Бұл - Балкашинодағы № 601 сайлау учаскесі. Қазір мұнда соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Учаске мүшелері сайлаушылардың тізімін нақтылап, тұрғындарға шақыру қағаздарын таратып жүр. Жалпы, сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін барлық ұйымдастыру шаралары заң талаптарына сай жүргізілуде,-дейді сайлау учаскесінің төрайымы.
СНХ: АННА РУДИ, №601 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Балкашино ауылдық округінде 3 сайлау учаскесі бар. Біздің учаскеде 1257 сайлаушы тіркелген. Олардың 1191-іне шақыру қағазы таратылды. Қазір үйінде болмаған тұрғындарға хабарласып, шақыру қағаздарын тарату жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар, мүгедектігі бар төрт сайлаушыға үйден дауыс беруге мүмкіндік жасалады. Ал учаскенің өзінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қажетті жағдай қарастырылған.
РКС: Тұрғындардың белсенділігі де анық байқалады. Жергілікті халық ел үшін маңызды саяси науқанға қатысу - әр адамның азаматтық парызы деп біледі.
СНХ: БАУЫРЖАН ШОБДЫР, БАЛКАШИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлау туралы ақпарат алдым. Мен өзімнің қай учаскіде тіркелгенімді де білемін. Әрбір Қазақстанның азаматы бұл сайлауға қатысуға міндетті деп ойлаймын. Мен де өзімнің үлесімді қосқым келеді. Және жанұямызбен барып, дауыс береміз.
РКС: Сандықтау ауданында барлығы 37 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру процесін 198 комиссия мүшесі қамтамасыз етеді. Олар сайлау заңнамасы бойынша арнайы оқудан өтіп, кәсіби даярлығын жетілдірген. Жалпы, Ақмола облысында сайлауды 21 аумақтық және 759 учаскелік комиссия ұйымдастырады. Дауыс беру процесіне 4 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмылдырылады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ