Негізгі Жаңалықтар Whatsapp-тағы алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

Whatsapp-тағы алаяқтықтан қалай қорғануға болады?


ДИКТОР: WhatsApp-тағы есептік жазбаны алаяқтардан қалай қорғауға болады? Деректеріңізге қауіп төнсе, қандай әрекет жасау керек? Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтарға мессенджердегі қауіпсіздік баптауларын күшейтіп, аккаунтқа қосылған құрылғыларды тексеріп отыруды ұсынады.

РКС: Мессенджердегі есептік жазбаны қорғаудың негізгі тәсілдерінің бірі – екі сатылы тексеруді қосу. Ол үшін WhatsApp баптауларына кіріп, «Есептік жазба» бөлімін, одан кейін «Екі сатылы тексеру» тармағын таңдап, алты таңбалы PIN-код орнату қажет. Қолжетімділікті қалпына келтіру үшін электрондық пошта мекенжайын да көрсеткен жөн.

СНХ: БЕЙБІТ БІРЖАНОВ, ҚР ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Есептік жазбаның бұзылғанын білдіретін белгілерге белгісіз құрылғылардың қосылуы, хабарламалардың сіздің қатысуыңызсыз жіберілуі, таныстарыңыздың сіздің атыңыздан күмәнді өтініштер алғанын хабарлауы, сұратпаған жағдайда растау коды бар SMS-хабарламаның келуі, сондай-ақ есептік жазбадан өздігінен шығып қалу жатады. Растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпаңыз. Есептік жазбаның бұзылғанына күдік туындаса, оны қорғау шараларын дереу қабылдап, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн. WhatsApp-та рұқсатсыз әрекет байқалған жағдайда, «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық белсенді сеанстарды дереу аяқтап, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгертіңіз. Сондай-ақ есептік жазбаңыздың бұзылуы мүмкін екенін барлық байланыстағы адамдарыңызға ескертіңіз.

РКС: Мұндай жағдайға көкшетаулықтардың өздері ғана емес, олардың жақындары мен таныстары да жиі тап болады. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, алаяқтардың арбауына түспеу және жеке деректерін қорғау жолдарын бәрі бірдей біле бермейді.

БЛИЦ-ОПРОС: 

- Таныстарымның есептік жазбаларын бұзып кеткен жағдайлар болды. Ал өз есептік жазбамды қалай қорғау керектігін толық білмеймін. Екі сатылы тексеру функциясын қосқанмын, бірақ оның қаншалықты тиімді екеніне күмәнім бар. WhatsApp растау кодын әр жолы сұрай бермейді. Сондықтан алаяқтардан сақтанудың басқа қандай жолдары бар екенін білгім келеді.

- Қазір кез-келген адам алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде бұл кең тараған мәселе болып тұр. Өз басымнан өткеннен кейін бұл мәселенің әлі де қайталанып жатқанын айтқым келеді. Жақында менің WhatsApp желімді екі рет осы алаяқтар бұзған болатын. Біріншісінде менің жақындарыма жазып, бір қаражат сұраған болатын. Келесіде, екіншісінде тағы да екі жүз мың теңге қаражат сұрады. Қуанышымызға орай, қазір үлкендер болсын, кішілер болсын, бұл ақпаратты біледі. Сондықтан да ешкім алданған жоқ, қуанышымызға орай. Одан кейін мен өзімнің барлық карталарымды және WhatsApp желісіндегі PIN-кодтарымды ауыстырдым. Басқа ешқандай органдарға жүгінген жоқпын. Алайда өзімнің қауіпсіздігім үшін осындай шараларды қабылдадым. Барлығыңызға осындай кеңес беремін, алаяқтардың құрбаны болмаңыздар.

- Бүгінде алаяқтықтың алдын алу үшін PIN-код орнатып, есептік жазбаны қосымша қорғау маңызды деп ойлаймын. Жақында әйелімнің ағасының WhatsApp-тағы есептік жазбасын бұзып кеткен жағдай болды. Оны қалпына келтіріп, мәселенің мән-жайын анықтауға бірнеше күн жұмсадық.

РКС: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтарға ескертеді: егер танысыңыздан шұғыл түрде ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, бірден ақша жіберуге асықпаңыз. Алдымен хабарлама жіберген адамға телефон арқылы хабарласып, бұл өтініштің шынымен өзінен келгеніне көз жеткізіңіз.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАН НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар