Негізгі Жаңалықтар Тұрғындар мәселесі басты назарда

Тұрғындар мәселесі басты назарда


ДИКТОР: Ақмола облысында әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы мәселелерді жедел шешуге бағытталған жұмыстар күшейтілді. Мамандар тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, азаматтардың мәселесін жеке қарастыруға басымдық беріп отыр. Әсіресе жұмыссыз азаматтарды, мүгедектігі бар адамдарды және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығатын азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

РКС: Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,4 процентті құрайды. Облыс бойынша 7 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жыл басынан бері олардың 2 мыңға жуығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Әсіресе жастарды еңбекке орналастыруға басымдық беріліп отыр. Жыл сайын шамамен 6 мың адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылады. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш 4 мыңнан асты. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мен оңалту шараларына да басымдық беріліп отыр.

СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мүгедектігі бар азаматтарға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Облыста олардың саны шамамен 29 мың адамды құрайды. Санаторлық-курорттық емделуге екі жыл бұрын 4 мыңға жуық адамды жіберсек, қазір бұл көрсеткіш 7 мыңға жетті. Бұл мүгедектігі бар азаматтардың саны көбейді деген сөз емес. Керісінше, оңалту жұмыстарының сапасы жақсарып, оларды қажетті қызметтермен қамту мүмкіндігі артты.

РКС: Қабылдауға келген тұрғындардың әрқайсысының мәселесі әртүрлі. Бірі жұмыспен қамту мәселесін көтерсе, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты кеңес алды.

СНХ: ТАХМИНА АХМЕТЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мамандар өздері келіп, мәселем бойынша қажетті деректерімді жазып алды. Жұмыс күнінің соңына дейін мәселенің мән-жайын анықтап, бізге жауап беретінін айтты. Көмектесудің жолы табылады деп үміттенемін. Осындай жағдай менде алғаш рет. Қызым дүниеге келгелі, алты жыл көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келдім. Осы тоқсанда алимент қосылып, табысымыз белгіленген мөлшерден 3 мың теңгеге асып кетті. Сол себепті атаулы әлеуметтік көмек ала алмадық. Енді бүгінгі жауапты күтеміз. Біз үшін кез келген шешімнің маңызы бар.

РКС: Әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыс мұнымен шектелмейді. Қандастармен ай сайын, мүгедектігі бар азаматтармен екі айда бір рет кездесулер өткізіледі. Оған облыс аудандары онлайн форматта қатыса алады. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығатын азаматтармен жұмыс жаңа тәсілге көшті. Енді олардың жағдайы бостандыққа шығу мерзімінен 3 ай бұрын қарастырыла бастайды. Осы кезеңде жұмысқа орналасу және әлеуметтік бейімделу мәселелері пысықталады. Бұл бағытта қазір 35 жұмыс берушімен байланыс орнатылған.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу