Аймақта сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 1,4 млрд теңге бөлінді
ДИКТОР: Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 1,4 млрд теңге бағытталмақ. Қаражат қайтарылған активтер есебінен құрылған арнайы мемлекеттік қордан бөлінеді. Негізгі жобалар Бурабай ауданында жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Щучинск қаласы мен Қатаркөл ауылының коммуналдық желілері жаңартылады.
РКС: Щучинскідегі коммуналдық желілердің бір бөлігі әбден тозған. Сондықтан биыл шаһардағы су құбыры мен кәріз жүйесін жаңарту жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген 1,4 млрд теңгенің басым бөлігі осы бағытқа жұмсалмақ. Қазір Щучинск қаласы мен Қатаркөл ауылында сумен жабдықтау және су бұруға қатысты 4 жоба жүзеге асырылып жатыр.
СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Жобалар толық аяқталғанна кейін коммуналдық инфрақұрылым сенімділігі артып, инженерлік желілердегі апаттылық деңгейі төмендейді. Сондай-ақ ауданның одан әрі дамуына, туризм саласының өркендеуіне және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалады.
РКС: Бұл - аудандағы су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстың жалғасы. Соңғы үш жылда Бурабай ауданындағы 10 елді мекенде сумен жабдықтау жобалары жүзеге асты. Нәтижесінде 5 мыңнан астам абонент сапалы ауыз суға қол жеткізді.
СНХ: САМАЛ ШАЙКЕНОВА, ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ауыз су мәселесінің толық шешім тапқаны бізді қуантады. Бүгінде қала тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген.
СНХ: НАЗИФА МУРЗАБЕКОВА, ҚАТАРКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қазір жаңа су құбыры тартылып, таза су үйімізге келді. Бұл – күнделікті тіршілігімізді едәуір жеңілдетті. Осындай игілікті көріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды сезінгенде, ертеңгі күнге деген сеніміміз арта түседі.
РКС: Алдағы кезеңде Щучинск қаласында магистральдық су құбырының төртінші кезегі салынбақ. Су бұру нысандары мен желілері жаңартылып, бірқатар тұрғын ауданға кварталішілік кәріз жүйесі тартылады. Мамандар бұл желілердің тозуын азайтып, жаңа нысандарды су және кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді,-дейді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ