Ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды
ДИКТОР. Қаржылық алаяқтыққа қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Тергеушілердің бағалауынша, олардың әрекеттері шамамен 2 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген. Толығырақ тілшіміз баяндайды.
РКС. Ақмола облысының прокурорлары 21 адамнан тұратын қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады. Олардың үшеуі банк қызметкері болған. 2019–2024 жылдар аралығында алаяқтар баспанасы жоқ адамдар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын басқа да азаматтардың атына несие рәсімдеу арқылы банктер мен шағынқаржы ұйымдарының қаражатын иемденіп алған.
СНХ: ДИНА МЕЙІРБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУДЫ ҚОЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Банк қызметкерлерінің көмегімен жәбірленушілердің атына қайтару көзделмеген несиелер рәсімделген. Салдарынан екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайтын шығын келтірілді. Қылмыстық топ мүшелерінің жәбірленушілерді елдің әр түрлі өңірлерінде тіркеуі оларды анықтауды қиындатып, тергеу жұмыстарын күрделендірді. Сонымен қатар, жәбірленушілердің көпшілігінде тұрақты мекенжай мен жеке басын куәландыратын құжаттар болмаған, олар қылмыстық топ мүшелерінен келетін қауіптен сескеніп, құқық қорғау органдарына шағымданбаған.
РКС: Қылмыс жәбірленушінің 2024 жылы прокуратураға жүгінуінен кейін ашылды. 2026 жылғы 5 тамызда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық ұйымның барлық мүшесін кінәлі деп таныды. Олар қылмыстық жолмен алынған мүліктерін тәркілеумен қатар, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.