Көкшетау университеті «Жасыл» ғимарат мәртебесін алды
ДИКТОР: Шаһардағы жоғары оқу орны Қазақстандағы «жасыл университеттер» қатарына қосылды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқу ғимараты мен үш жатақханасы қазақстандық ӨMIP жүйесі бойынша экологиялық сертификаттаудан өтті. Бүгін білім ордасында сертификаттар табысталып, жасыл таңбалау белгісі салтанатты түрде ашылды. Сертификаттау қалай жүргізілді және оның университет үшін маңызы қандай? Тілші баяндасын.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Ғимараттың экологиялық талаптарға сәйкестігін сырттай анықтау мүмкін емес. Ол үшін нысан арнайы сертификаттаудан өтіп, энергия тиімділігі, су ресурстарын пайдалану, ішкі ортаның сапасы, қалдықтарды басқару, қауіпсіздік пен аумақтың экологиялық жағдайы сияқты бірқатар бағыт бойынша бағаланады. Қазақстанда мұндай кешенді бағалауды ӨMIP ұлттық жүйесі жүргізеді. 2018 жылдан бері қолданылып келе жатқан стандарт бойынша елімізде 160-тан астам ғимарат сертификатталған. Биыл бұл қатарға алғаш рет жоғары оқу орны қосылып отыр.
СНХ: АЛЕКСАНДР БЕЛЫЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАСЫЛ ҚҰРЫЛЫС КЕҢЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл университетке қандай пайда әкеледі? Біріншіден, белгілі бір мәртебе береді. Қазір университеттер түрлі рейтингтерге қатысады. Олардың кейбірінде кампустар мен ғимараттардың экологиялық сертификаттан өтуі маңызды көрсеткіштердің бірі болып саналады. Екіншіден, университет жасыл қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік алады. Қазақстанда жасыл таксономия, жасыл жобалардың тізімі қабылданған. Бұл – жасыл қаржыландыруға жататын жобаларды айқындайтын жүйе.
РКС: Сертификаттауға дайындық барысында университетте бірқатар нақты өзгеріс енгізілді. Энергия үнемдейтін жарықпен қамту жүйесі орнатылып, жылу беру жүйесі сыртқы температураға қарай реттелетін болды. Су тұтыну көрсеткіштері де белгіленген талаптарға сәйкестендірілді.
СНХ: БАУЫРЖАН ЕСЕНЖОЛОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ: Бұл жерге ең алғаш аттестаттау комиссиясы келіп, тексерістер жүргізілді. Талаптап бәрі ескеріліп, біз оны аттестаттау барында содан өттік. Судың ағу жылдамдығы дегендей, ол мысалы 1,6 литрдан аспауы керек. Біз осы стандартқа сәйкестендірдік. Қазақстанның жалпы ұйымдар алдындағы мойнына алған міндеттемесін толық атқаруға алғаш бастама, қадам болып есептеледі. Студенттерге жылу үнемдеу, экологиялық талапқа сай өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға әсер етеді.
РКС: Іс-шара аясында KazGBC өкілдері студенттер мен оқытушыларға энергия тиімділігі, жасыл құрылыс және экологиялық мәдениет тақырыптарында дәріс өткізді. Ал университет үшін бұл сертификат – жасыл даму бағытындағы атқарылған жұмыстың нәтижесі ғана емес, орнықты болашаққа бастар маңызды қадам. Енді білім ордасында ресурстарды тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғаса бермек.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ