Негізгі Жаңалықтар Еңбек күніне арналған салтанатты шара өтті

Еңбек күніне арналған салтанатты шара өтті


ДИКТОР: Көкшетауда еңбек күніне орай Болашақ сарайында салтанатты шара өтті. Оған жұмысшы мамандықтарының өкілдері, еңбек әулеттері, үздік кәсіпорын жетекшілері, жас мамандар шақырылды. Шара барысында жыл сайын өткізілетін «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ өз ісінің білгір мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.  

РКС: Өңірде биыл 2,2 миллиард теңгенің 23 жобасы іске асып, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 900-ден астам еңбекті қорғау ұйымдары бар. 27 колледж 20 мың студентке білім беретін болса, оның 6 мыңнан астамы жұмысшы мамандығына оқып жатыр. Облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы да осы бағыттарға бөлінген,-деді облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова. Биыл «Еңбек жолы» байқауының 3 аталымына 50-ден астам өтінім түскен. Шара барысында «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша 3-ші орынды зеренділік Разиндер, 2-ші орынды бұландылық Усаниндер, 1-ші орынды Гранкиндер әулеті жеңіп алды. 

СНХ: АНАСТАСИЯ ГРАНКИНА, АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ ПУНКТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ (БҰЛАНДЫ АУДАНЫ): Біздің әулеттің астық қабылдау пунктінде жұмыс істеу тарихы қайын атамнан бастау алады. Ол осы кәсіпорынның кірпіші қаланғаннан істеп келеді. Мен де сол жерге жұмысқа кірдім. Маған ұнайды. Өте ұйымшыл ұжым. Көп ұзамай агроном мамандығына оқыған менің қызым да осы мекемеге қызметке келді. Бүгін бізді марапаттады, өте ризамыз 

РКС: Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша өткізілетін «Парыз» байқауына биыл 25 кәсіпорыннан 28 өтінім түскен. Олардың арасынан ерекшеленген өндіріс орындары үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын, еңбекті қорғаудағы үздік кәсіпорын, экологияға қосқан үлесі үшін және үздік ұжымдық келісім-шарт аталымдары бойынша іріктеліп, шара барысында марапатталды. Сондай-ақ «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Кәсіпорынның үздік жас маманы» атанғандарға құрмет көрсетілді.  

СНХ: СЕРІК ҚҰТТЫБАЙ, «ҚАЗГЕР-ҚҰС» ФАБРИКАСЫНЫҢ ВЕТЕРИНАР ДӘРІГЕРІ: Бізде өте сапалы Қазақстанда ғана емес, шетелде де экспорт бар. Сонымен қатар өте жақсы организация, четверть сайын бізге премия беріледі. Вакансиялар өте көп. Осындай үлкен мероприятияға үлкен рахмет, бәрі күшті өтті. Бәріміз ризамыз.

СНХ: РАЙХАНГҮЛ БАЯХМЕТОВА, «КӨКШЕТАУ СҮТ ЗАУЫТЫ» КӘСІПОРНЫ САПА БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Біздің заводтың басты міндеті ол елімізге таза және сапалы табиғи өнім өндіру. Мен өз кәсіпорныма үлкен рахмет білдіргім келіп тұр, мен осы кәсіпорынның арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жатырмын. Олар маған барлық жағдайларды жасап жатыр.

РКС: Биыл өңірде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылса, оның 15 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Орташа жалақы 13 пайызға өсіп, 370 мың теңгеге жетті. Жұмыс орындарындағы қауіпсіздіктің сақталуы, еңбек адамдарына төленетін сыйақы мөлшерінің өсуі, денсаулыққа зиянды өндіріс қызметкерлеріне жасалатын жеңілдіктер жайы күн тәртібінен түскен емес.           

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу