Көкшетау тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес берілді
ДИКТОР: «Әділет» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы Көкшетау қаласына келді. Қала тұрғындары алдын ала жазылмай-ақ, күнделікті жұмыстарынан қол үзбей, қажетті кеңес алды. Ол үшін қабылдау алаңы сауда және ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Азаматтардың сауалдарына партия өкілдері мен бейінді мемлекеттік органдардың басшылары жауап берді.
РКС: Гүлнара Айқұмбекова сауда орталығына кездейсоқ келген. Сол жерде тегін заңгерлік кеңес алуға болатынын білген. Екі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана қызына қатысты мәселемен қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді. Отбасы автонесие төлеміне байланысты қиындықтарға тап болған.
СНХ: ГҮЛНАРА АЙҚҰМБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Хат жазып, қызымның жағдайын, мәселесін толық түсіндіру керек екенін айтты. Жалғызбасты ана екенін, екі баласы бар екенін, төлемінің аз екенін жазып, жағдайына түсіністікпен қарауын сұрау керек деді. Сол мәселе бойынша келдім. Бұл мәселе шешілді. Мұндай шараға тап боламын деп күтпедім, бұл жерге жай ғана кездейсоқ келіп едім. Халық үшін өте жақсы екен. Тегін кеңес беріп, көптеген мәселені шешуге мүмкіндік бар.
РКС: Қабылдау барысында бау-бақша серіктестіктерінің мәселелері де көтерілді. Көкшетауда олардың саны 50-ден асады. Саяжай алқаптары өкілдерінің айтуынша, көптеген мәселе жылдар бойы шешілмей келеді. Оның ішінде электрмен қамту, көлік қатынасы және қараусыз қалған жер учаскелерінің көптігі. Қалалық бау-бақша серіктестігінің өкілі Петр Кузьменко қабылдауға нақты ұсыныстар мен шешімін таппай келе жатқан мәселелердің тізімімен келген. Ол бұл мәселелер республикалық деңгейде шешуді қажет ететінін айтады.
СНХ: ПЕТР КУЗЬМЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Барлық ақпаратты қағаз түрінде бердім. Астанадан келген өкіл қаладамызда жылдар бойы шешілмей келе жатқан барлық мәселелерімізді қабылдап алды. Тиісті органдарға, қажет болса Үкіметке дейін шығып, осы мәселелерді шешеміз деп уәде берді. Өйткені, бұл мәселе тек қала көлемінде ғана шешілмейді. Саяжай, бау-бақша серіктестіктеріне қатысты мәселе бүкіл Қазақстанға ортақ үлкен проблема. Бұл мәселемен 20 жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін.
РКС: Құқықтық көмекке сұраныс жоғары болды. Қала тұрғындары алаяқтық, заңсыз несие рәсімдеу және қаржы ұйымдарымен өзара әрекеттесу мәселелері бойынша жүгінді. Сондай-ақ тұрғын үй бағдарламалары мен жеңілдетілген несие алу жөніндегі кеңестерге қызығушылық танытқандар көп. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты пайдалы кеңесті тұрғындарға барынша қолжетімді ету.
СНХ: ӘЛИЯ САДЫРБАЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Мобильді қоғамдық қабылдауды сауда орталығында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өткізіп жатырмыз. Әр адам күнделікті жұмысынан алаңдамай, өз мәселесіне қатысты сұрағын қоя алады. Алдын ала тұрғындарға хабарласып, ақпарат берілді. Бүгін тұрғындар өте өзекті әрі қызықты сұрақтармен келді. Мұнда полиция департаментінің өкілі бар. Оған көптеген адам жүгінді. Негізгі мәселелер – алаяқтық, заңсыз несие рәсімдеу. Сонымен қатар, мұнда «Отбасы банкінің» өкілдері де бар. Олардың кеңесіне де сұраныс жоғары. Әсіресе несие алу, жеңілдетілген несие мәселелеріне қатысты сұрақтар көп. Мобильді қоғамдық қабылдауларымыз тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
РКС: Мобильді қоғамдық қабылдаудың қорытындысы бойынша азаматтардан түскен өтініштер мен ұсыныстар көрсетілген хаттама әзірленеді. Қосымша қарауды қажет ететін өзекті мәселелерді Құрылтай депутаттарының қабылдаулары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесулер барысында одан әрі талқылау жоспарланып отыр. Осылайша, мобильді формат тұрғындардың өтініштерін жергілікті жерде жинап қана қоймай, қала және республика деңгейінде шешуді қажет ететін мәселелерді жүйелеуге мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ