Бала құқығын қорғау — басты назарда
ДИКТОР: Көкшетауда «Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалы бала құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған Ашық есік күнін өткізді. Шара барысында азаматтарды жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қабылдап, тұрғын үймен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамту және балалардың білім алуына қатысты мәселелер бойынша түсініктеме берді. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Азаматтарды қабылдауға Құрылтай депутаты Юлия Кучинская да қатысты. Оның сөзінше, мұндай тақырыптық ашық есік күндері еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады. Мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы тікелей байланыс азаматтардың мәселелерін жедел талқылап, оларды шешу жолдарын нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындарға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат беріледі.
СНХ: ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ: Бұл – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы өте маңызды тармақ, жалпы мемлекеттік саясаттың да негізгі бағыттарының бірі. Елімізде «Қазақстан балалары» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әрине, осындай тақырыптық кездесулер мен азаматтарды қабылдау өте маңызды. Оған барлық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар қатыстырылып жатыр. Әрқайсысы азаматтарымыз тап болатын мәселелер бойынша түсіндірме береді немесе оларды шешуге жәрдемдеседі. Ата-аналар бірден барлық мемлекеттік органдарға қол жеткізу мүмкіндігі жоқ. Олар қайда жүгіну керектігін біле бермейді. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша адам келіп, мәселелердің кең ауқымы бойынша бірден кеңес ала алады.
РКС: Кездесуге Көкшетау қаласынан бөлек Атбасар, Ерейментау, Целиноград аудандарынан, сондай-ақ Қосшы қаласынан 20-дан астам тұрғын келді. Оның бір тобына онлайн форматта көмек көрсетілді. Баласының денсаулығына қатысты мәселе бойынша Целиноград ауданының тұрғыны да депутатқа және құзырлы органдарының өкілдеріне жүгінді.
СНХ: СӘБИТ ОРЫНБАСАР, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз қызымыздың онкологиямен ауыратын, сол диагнозы бойынша дәрі алу проблемасымен келдік. Химиотерапия жөнінде сөйлестік, шешеді деп ойлаймыз. Жаңа кісілердің бәрі шешу жолдарын айттыНөмірімізді алып қалды, 22-сінде өздері звондап, жатқызатын жерін больницаға айтады. Өте қымбат, дәрі. Бірнеше миллион. Үйіміздің өзі 15 миллион тұратын шығар. Сол көмекті сұрап келгенбіз. Шешеміз деп жатыр.
РКС: Шара барысында тұрғындардың әр мәселесі жеке қаралып, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Мамандар азаматтарға қажетті құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерді алу және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша кеңес берді. Мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, әсіресе балаларға қатысты мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ