Дипломатиялық миссия өкілдері өңірдегі орақ науқанының барысымен танысты
ДИКТОР: Ақмола облысы астық пен майлы дақылдар экспортын кеңейтіп, еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр. Өңірге дипломатиялық миссия өкілдері мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі келді. Оларға орақ науқанының барысы, өнім сапасы мен облыстың экспорттық әлеуеті «Даниловское и К» серіктестігінің мысалында таныстырылды.
РКС: Кездесу барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов дипломатиялық миссия өкілдеріне орақ науқанының мемлекеттік қолдау мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің еңбегінің арқасында жоғары қарқынмен жүріп жатқанын айтты. Бүгінде Ақмола диқандары 5 миллион 200 мың тонна астық және 230 мың тоннадан астам майлы дақыл жинады. Астық қабылдау кәсіпорындарына 1 миллион 100 мың тонна бидай түскен. Өнім сапасына да ерекше көңіл бөлінуде. Жиналған бидайдың шамамен 90 пайызы үшінші классқа жатады. Оның 60 пайызға жуығы ақуыз мөлшері жоғары Hi-Pro санатына кіреді.
СНХ: АЙБАТ ЕСЕНТҰРОВ, «ДАНИЛОВСКОЕ И К» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Биылғы егістің жинау алқабы жақсы өтіп жатыр. Былтырға қарағанда темпті, темпіміз екі есе алда келетінбіз. Ауа райының бір жағынан қолайлығы, күздегі жаман емес, сапасы жақсы болып жатыр. Өнімі аздау болса да, былтырғыдан сапасы жақсы болып жатыр. Біз алған бидайларымыздың елу пайызы High-Pro, жиырма сегізінші қыркүйекке дейін, тілекке, нағыз сапалы, шетелге жіберуге, өзіміздің Отанды қолдануға жақсы сапа болып отыр.
РКС: Астықтың жоғары сапасы экспорт көлемін арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Биыл Ақмола облысынан 2,8 миллион тонна астық және 200 мың тоннадан астам майлы дақыл тұқымы шығарылды. Бұл ретте өңір жеткізу географиясын кеңейтіп келеді. Былтыр облыс әкімдігі Эстониядағы астық терминалымен меморандумға қол қойды. Енді Ақмола астығы Италия, Бельгия және Эстонияға жеткізіледі. Қазір облыс еуропалық серіктестермен тікелей сауда байланыстарын дамытып, бидай мен майлы дақылдар экспортын арттыруды көздеп отыр.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазіргі таңда бізде енді Еуропаға шығуға жол таптық, жаңа терминалдарымыз бар. Енді осы кісілер қазір келіп, өздерінің елшіліктеріне осылай жеткізіп. Біздің үлкен жоспар бар. Қазір біздің Сыртқы істер министрлігімен үлкен келісім шарт бар. Осы Ақмола облысының сапалы тауарлы астығын Еуропа төрінде бір жолда паш ету. Соған дайындық жүріп жатыр. Сондықтан біздің кәсіпкерлер өздері барып, сол Еуропа трейдерімен тікелей келісім шартқа қол қойып, біздің үлкен сапалы Hi-Pro астығымызды Еуропаға жеткізу мәселесі.
РКС: Еуропалық серіктестері өнім жеткізумен ғана шектелмейді. Нидерланд елінің өкілдері ауыл шаруашылығы технологиялары, астық сақтау, өсімдіктерді қорғау және ғылыми зерттеулер саласында тәжірибе алмасуды ұсынады.
СНХ: АРИ ВЕЛДХАУЗЕН, НИДЕРЛАНДЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ: Нидерланд — шағын мемлекет, астықты ірі көлемде экспорттамаймыз. Дегенмен, ауыл шаруашылығы технологиялары, өнімді сақтау, инновациялар және білім мен тәжірибе алмасу салаларында үлкен сараптамалық әлеуетіміз бар. Сондықтан, Ақмола облысы мен нидерландтық сарапшылар және технологиялық компаниялар арасында ынтымақтастық орнатудың үлкен мүмкіндіктері бар деп есептеймін. Бүгінде университеттеріміз бен ғылыми-зерттеу орталықтарымыз әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істеп, түрлі мемлекеттердің ғылыми ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатуда. Қазақстанның бірқатар университеттерімен де байланыстарымыз бар. Менің ойымша, Ақмола облысы да осындай бастамаларға белсендірек қатыса алар еді.
РКС: Қазақстан жыл сайын Орталық Азия елдері мен Қытайға астық және жемдік ұнды экспорттайды. Соңғы жылдары өнім жеткізілетін елдердің қатары кеңейді. Қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа елдеріне де жеткізіле бастады.
СНХ: НАЗГҮЛ ХАТЕПОВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Екі жыл қатарынан рекордтық өнім болды. Соның нәтижесінде біз астық экспорты бойынша өзіміздің рекордымызды жаңалаған болатынбыз. 15,3 миллион тонна астықты өткен маркетингтік жылда экспорттаған болатын болсақ, осы маркетингтік жылда біз 15,5 миллион тонна астықты рекордтық өнімді экспортқа жіберген болатынбыз. Біздің бидай өзінің сапасы есебінен сыртқы нарықтарда өте көп сұранысқа ие. Қазіргі кезде де біз жаңа өнімімізді жинап жатырмыз. Тамыз айында ең бірінші жаңа өнімнің бір миллион тоннасы экспортқа жөнелтілген болатын. Бұл өткен жылдан көрсеткішінен жоғары. Жалпы біздің биылғы жылы да экспорттық әлеуетіміз өте жоғары.
РКС: Экспресс-зертханада дипломатиялық миссия өкілдеріне астық сапасының қалай анықталатыны көрсетілді. Сонымен қатар, қонақтар Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің өнімдерімен танысты.
ИНТЕРШУМ:
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ