Негізгі Жаңалықтар «Оқжетпес» әйелдер волейбол командасы құрылды

«Оқжетпес» әйелдер волейбол командасы құрылды


ДИКТОР: Өңірде алғаш рет «Оқжетпес» әйелдер волейбол командасы құрылды. Жаңа ұжым Ақмола облысының намысын ел чемпионатында қорғайды. Спортшылардың алдына биік мақсат қойылды. Волейболшылар енді жоғары лигада бақ сынап, елдің үздік командаларының қатарына енуге талпынбақ. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Жаңа волейбол командасының таныстыру рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Аймақ басшысы жаңа команданың құрылуын өңірдегі спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі ретінде бағалады. Сөзінше, команданың құрылуы өңірде спорт инфрақұрылымын дамытып, кәсіби спортшыларға жағдай жасау жұмыстарының нақты нәтижесі.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы әрқашанда осы спортты дамуы, салауатты өмір сүру саясатын маңызды екенін, бүгінгі іс-шара соның айқын көрінісі. Осы бүгінгі заманауи спорт кешені – бұл президенттің төртінші Бурабайда Құрылтайда берген тапсырмасы аясында салынған спорт кешені. Өздеріңіз білесіздер, заңсыз сыртқа шығарылған активтер қайтарылу мақсатында бас прокуратураның қолдауымен 11 айдың ішінде осы заманауи спорт кешені салынды. Енді оның қызығын, пайдасын Ақмола облысының спортшылары, тұрғындары көріп жатыр. Осындай жақсы нәтижеге қол жеткізіп, бүгінгі команданың құрылуы – ол да оның айқын көрінісі. 

РКС: Жаңа команда сапына еліміздің әр өңірінен тәжірибелі әрі болашағы зор спортшылар шақырылды. Ойыншылар арнайы іріктеу мен бақылау нәтижесінде жасақталды. Қазір волейболшылар жаңа маусымға дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр.

СНХ: ТИМУР ЖАРЛАҒАСОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: «Оқжетпес» волейбол командасы тамыз айында құрылды. Команда құрамын мұқият жинақтадық. Іріктеу мен ойыншыларды бақылау жұмыстарын жүргіздік. Бірер күн бұрын команданың нақты құрамы белгілі болды. Ойыншыларды еліміздің барлық өңірінен шақырдық. Іріктеу спорттық қағида бойынша жүргізілді. Яғни спортшылардың шеберлігіне, ойын сапасына және олардың деңгейіне баса мән бердік.

СНХ: МЕРЕЙ МАҚСОТ, «ОҚЖЕТПЕС» ВОЛЕЙБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Бізге бәрі ұнап жатыр. Арена өте керемет, тренер өте керемет. Бізге көрсетіп жатқан заттардың барлығы өте ұнады. Өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Тек бірінші орын аламыз деп отырмыз. Мен бес жыл волейбол ойнаймын, дайындаламын. Бір жыл бұрын Атырау командасында ойнадым.

РКС: Команданың алдына биылғы маусымда Қазақстан әйелдер волейболының Жоғары лигасында топ жару міндеті қойылды. Чемпионаттың алғашқы туры қараша айында өтеді. Ал қазір волейболшылар Қазақстан кубогының финалдық кезеңіне шығу үшін бақ сынап жатыр. «Оқжетпес» алғашқы ойынын ертең Павлодардың «Ertis» командасына қарсы өткізеді. Ұжымның ұзақмерзімді мақсаты – Ұлттық лигаға жолдама алып, елдің үздік командалары қатарынан көріну.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу