Негізгі Жаңалықтар Тұмау белгілерінің алдын алу

Тұмау белгілерінің алдын алу


ДИКТОР: Күн суытып, күзгі маусым басталғалы вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралу қаупі арта түсуде. Осы кезеңде аурудың алдын алу шараларын күшейту маңызды. Тұмаудың ауыр өтуі мен түрлі асқынудың алдын алудың тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Екпе алғаннан кейін шамамен екі апта ішінде ағзада иммунитет қалыптасады. Әсіресе ауруды ауыр өткеру қаупі жоғары азаматтар үшін екпе салдырудың маңызы зор.

РКС: Тұмауға қарсы вакцинация алдымен балаларға, егде жастағы азаматтарға, созылмалы аурулары бар адамдарға ұсынылады. Медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық үлгідегі ұйымдарда тұратын азаматтар да екпені уақытылы салдыруы қажет. Мамандар екпе егу ауру жұқтыру қаупін толық жоймаса да, тұмаудың ауыр өтуі мен пневмония, созылмалы аурулардың өршуі мен ауруханаға жатқызу қаупін айтарлықтай төмендететінін айтады.

СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда және азамат толық ақпараттандырылғаннан кейін барып, келісімі алғынған соң екпе егіледі. Тұмау, әдетте, жедел басталады. Дене қызуы көтеріліп, қалтырау, бас пен бұлшық еттің сырқырауы, әлсіздік, құрғақ жөтел мен тамақ ауруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Тұмау тек аурудың өзімен ғана емес, оның салдарымен де қауіпті. Ең жиі кездесетін асқынудың бірі – пневмония. Сонымен қатар жүрек-қан тамыр, жүйке жүйесі тарапынан асқынулар туындап, созылмалы аурулар өршуі мүмкін.

РКС: Эпидемиологиялық маусымда мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы жағдай да жіті бақылауда болады. Білім беру мекемелерінде күнделікті сабаққа қатысу көрсеткіші қадағаланып, таңертеңгі сүзгі жүргізіледі. Жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгілері байқалған балалар мен қызметкерлер сабаққа не жұмысқа жіберілмейді. Білім беру нысандарында бөлмелерді тұрақты желдету, ылғалды тазалау жүргізу және дезинфекциялық талаптарды сақтау күшейтіледі.

СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бір сыныптағы оқушылардың 20-дан 30 пайызына дейін тұмауратып, сабаққа қатыспайтын болса, профилактикалық шаралар күшейтіледі. Бұл жағдайда кабинеттік оқыту жүйесі шектеліп, сыныптарды біріктіруге болмайды. Ал бір сыныптағы оқушылардың 30 проценттен көбі ауырған жағдайда, сыныпты уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстыру мәселесі қарастырылады. Ата-аналарға айтарымыз, баланың дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы, мұрыннан су ағу немесе әлсіздік сияқты тұмау белгілері байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға жібермеген жөн. Мұндай жағдайда баланы үйде қалдырып, медициналық көмекке жүгіну қажет.

РКС: Инфекциядан сақтану үшін қолды сабынмен жиі жуып, бөлмелерді тұрақты желдетіп отырған жөн. Сонымен қатар дұрыс тамақтанып, жеткілікті ұйықтау және науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу маңызды. Ал аурудың алғашқы белгілері байқалса, өз бетінше ем қабылдамай, дер кезінде дәрігерге жүгіну қажет.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу