Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қызметшілер арасында шахмат турнирі өтті

Мемлекеттік қызметшілер арасында шахмат турнирі өтті


ДИКТОР: Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілері шахмат тақтасында бақ сынасты. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған өңірлік сайысқа барлығы 12 команда қатысты. Шахматтан шеберліктерін сынап қана қоймай, мемлекеттік қызметшілер стратегиялық ойлау қабілетін, зейін мен командалық рухта өздерін тексерді. Жеңімпаз команда Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде облыстың намысын қорғайды. 

РКС: Турнирдің басты мақсат шахмат ойынын насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу, зияткерлік әлеуетті дамыту. 

СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл турнирдің мақсаты мемлекеттік ведомство арасы мен мемлекеттік қызметшілердің қарым-қатынасын жақсарту. Шахматты дәріптеу, интеллектуалдық зияткерлік ойынды дамыту. Бұл өңірараралық турнир, турнирде жеңген команда 24 қазан күні Астана қаласында Ақмола облысының намысын қорғайды. 

РКС: Турнир Швейцария жүйесімен командалық жарыстарға арналған ФИДЕ ережелерімен 9 тур бойынша өткізілді. Өз партиясын аяқтаған команда қатысушысы көрермен болып танылғандықтан, командаласына көмектесуге, кеңес беруге немесе ишара жасауына қатаң тыйым салынды.

СНХ: СЕРІКБАЙ ТЕМІРБАЕВ, БАС ТӨРЕШІ, ГРОССМЕЙСТЕР: Әр командада үш ер адам, бір әйел адамнан ойнап жатыр. 12 команданың жасақталғаны жақсы көрсеткіш, себебі кейде тіпті аз адам жиналады. Ал бұл жолғы жарыс көп адамның қатысуымен ерекшеленіп отыр. Жеңімпаздар туралы айту ерте, әлі 4 ойын бар.

РКС: Турнир командалық болғандықтан, әр мекемеден 4 адамнан қатысты. Төрт ойыншы бір уақытта қатар тұрған төрт тақтада қарсыластарымен ойнайды. Тақталардағы фигура түстері кезектесіп отырады. Мысалы, А командасының 1-ші және 3-ші тақтадағы ойыншылары ақ фигурамен ойнаса, 2-ші және 4-ші тақтадағылары қара фигурамен ойнайды. Бұл екі командаға да тең мүмкіндік береді. 

СНХ: КЕНЖЕБЕК ӨТЕГЕНОВ, АТБАСАР АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: Біз төрт адам қатысып отырмыз, үш ер адам, бір қыз бала. Аумақтық инспекциялардың атын қорғауға келдік. Бірлік болса, тірлік болады дейді, бірліктің арқасында жеңіске жетуге тырысамыз.

СНХ: ДИНАРА ХАМЗИНА, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ МАМАНЫ: Шахмат турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өте қызықты өтіп жатыр. Біз Бурабай аудандық мәслихаты мен әкімдігі атынан қатысып отырмыз. Мұндай турнирлерді өткізген тиімді деп ойлаймын.

РКС: Іріктеу турнирлері 17 облыста және республикалық маңызы бар қалаларда 16 қыркүйекке дейінгі мерзімде өткізіледі. Турнир жеңімпазы өз өңірінің намысын Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде қорғап, еліміздің мемлекеттік қызметшілері арасындағы ең мықты команда атағы үшін бақ сынайды.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу