Негізгі Жаңалықтар Отбасы – қоғамның негізі

Отбасы – қоғамның негізі


ДИКТОР: Қыркүйектің екінші жексенбісі – елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Айтулы датаға орай Көкшетауда отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шара ұйымдастырылды. Жиынға көпбалалы отбасы қатысып, өмір жолы, бала тәрбиесіндегі ұстанымдары мен отбасылық дәстүрлері жайлы сөз қозғап, көпшілікпен ой бөлісті.

РКС: Кездесуге құрметті қонақ ретінде көпбалалы Әшеновтар отбасы шақырылыпты. Әулеттің отағасы – әскери қызметкер, ал анасы әзірге үйде бала тәрбиесімен айналысады. Отбасында төрт қыз өсіп келеді. Сол себепті ата-ана қыз бала тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қарап, білім алып, қабілеттерін дамытуына барынша жағдай жасауға тырысады. Әшеновтар отбасы кітапханаға жақын тұрады. Мұнда ұйымдастырылатын мәдени-ағартушылық шаралардың біразына белсене қатысады.

СНХ: АЙНҰР ҚҰСАЙЫНОВА, КЕШ ҚОНАҒЫ: Біз жақын тұрғандықтан осы жерге келіп жүреміз. Міне, жаңа сұрақтарға жауап бердік. Өз отбасымыға келсек, 18 жыл бұрын отастық. Екеуіміз екі қаладанбыз, мен Өскемен, жолдасым Қызылорда қаласынан. Осы кербез, сұлу Көкшетауымызда 14 жыл тұрып жатырмыз. Балаларымыздың бәрі осы жерде білім алып, тәрбиеленіп жатыр. Әртүрлі конкурстарға қатысады. Біз ата-ана ретінде әрқашан қолдап жүреміз. Барлықтарыңызды отбасы күнімен құттықтаймын.

РКС: Жанұя тақырыбындағы кездесуде бала мен ата-ана қарым-қатынасы, ұлттық тәрбие және ұрпаққа үлгі болар отбасылық құндылықтар сөз болды. Кітапхана ұжымы мұндай басқосуларды жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне ықпал ететін маңызды алаң ретінде бағалайды. 

СНХ: АҚБОТА ЫҚЫЛАС, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Отбасында заманға сәйкес бала тәрбиелеу ісі – аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Отбасын – шағын мемлекетке де теңейтіні мәлім, бұл дегеніміз – әр отбасының өзіндік ерекшеліктері болатынын меңзесе керек. Ал, баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол екені айтпасақ та түсінікті. Баршаларыңызды отбасы күнімен құттықтай отыра, әр шаңырақта бақыт шуағы орнап, ата-ана мейіріміне бөленген сәбилердің жарқын күлкісі молая түссін дегім келеді.

РКС: Кеш барысында балалар да өнерлерін ортаға салып, отбасына деген сүйіспеншілігін ән мен жыр арқылы жеткізді. Әр қойылымның мазмұны отбасы құндылығын дәріптеуге арналды. Оқушылар өнер көрсету арқылы ата-анаға деген құрмет, отбасыдағы сыйластық пен мейірімнің маңызын жеткізді. Тағылымды шарадан өздеріне ой түйіп, отбасының қадірі мен жауапкершілігін тереңірек түсіне түсті.

СНХ: МЕРЕЙ МҰҚАНОВА, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Осындай шаралар көп бола берсін. Олар өте қызықты өтеді. Бүгін осы шарада үлгілі отбасын көрсетті. Қоғамдағы бала тәрбиесі, ақылды болуы, білімді болуы айтылды. Маңызды сөздер айтылды. Қоғамдағы ата-ана рольі, маңызды сөздер, бұның бәрі біз үшін маңызды.

РКС: Қатысушылар отбасы тақырыбындағы кітап көрмесімен танысып, бала тәрбиесіне қатысты пайдалы әдебиеттерге назар аударды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу