Негізгі Жаңалықтар Өңір жаңа инвестициялық жобаларға басымдық беруде

Өңір жаңа инвестициялық жобаларға басымдық беруде


ДИКТОР: Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов электр энергиясын өндіру саласындағы қытайлық ірі компаниялардың бірінің өкілдерімен кездесті. Келіссөз елордадағы «Aqmola Invest» өңірлік фронт-кеңсесінде өтті. Тараптар Ақмола облысы мен қытайлық корпорация арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылап, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

РКС: China Datang компаниясы Қазақстанмен энергетика саласында белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Бұған дейін корпорацияның энергетикалық жобалары Алматы мен Ақтөбе облыстарында жүзеге асқан. Енді қытайлық компания елордаға іргелес Ақмола өңірімен әріптестік орнатуға ниетті. Келіссөз барысында тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін талқылады. Ақмола облысында жасыл энергетика нысандарын дамытуға басымдық берілмек. Бұл ретте жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін әлемдік жетекші компанияларды бірлескен жобаларға тарту ұсынылды.

СНХ: ӘЛИ СӘРСЕН, «CHINA DATANG» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІ: Біз электр станцияларын өз қаражатымыз есебінен салып жатырмыз. Өндірілетін энергияны дата-орталықтар мен деректер орталықтарын орналастыратын инвесторларға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін біз Қазақстандағы алғашқы ірі жобамызды Ақмола облысында жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Себебі Ақмола облысы аумағы үлкен өңірлердің бірі. Сонымен қатар, мұнда жел ағындары қолайлы. Біз облыс әкімдігімен бірлесіп, аймақтағы алғашқы ірі жобамызды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырмыз.

РКС: Марат Ахметжанов жасыл экономиканы дамытудың маңыздылығына және бастаманы қолдауға дайын екеніне тоқталды. Десе де аймақ басшысы кез келген инвестжобаны билік өңір халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мүмкіндік екенін қарастыратындарын жеткізді.     

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бас прокуратура бізбен бірге инвестициялық жобаларымызды сүйемелдеуде. Олар кез келген кедергілерді жедел жояды және өздері прокурорлық араласу актісін енгізеді. Бұл ретте біз инвестиция көлемі, жұмыс орындары және болжамды салық түсімдері бойынша жылдам шешім қабылдаймыз. Біз одан әрі белсенді қолдау көрсетуді жалғастырамыз.Бірақ, сіздер жобаның тек мемлекет үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам мен жалпы халық үшін де жүзеге асырылуы мүмкін және экономикалық тұрғыдан тиімді екенін көрсетуде сенімді болуларыңыз керек. Одан кейін ұлттық заңнамамызға сәйкес салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар белгілеген қосымша талаптарды орындау қажет. 

РКС: Ақмола облысы жоғары инвестициялық белсенділікті сақтап тұр. Биыл аймақта құны 400 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық 158 жоба жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындар үшін 3000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жергілікті билік жаңа өндіріс нысандары үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуда. Қазір республикалық маңызы бар «AQMOLA» және өңірлік 3 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Олар облыстың халықаралық инвестициялар үшін тартымды мекен ретіндегі позициясын нығайта түсуде. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу