Негізгі Жаңалықтар Биыл 1 мыңға жуық жас әскерге аттанады

Биыл 1 мыңға жуық жас әскерге аттанады


ДИКТОР: Биыл наурыздың 18-інде Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы шықты. Соған сәйкес қыркүйек айынан бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Ақмола облысында 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдардың қатарына шақырылады. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

РКС: Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Ақмола облысына 1 мыңға жуық азаматты әскери қызметке жіберу жоспары бекітілген. Қазір оның 45-і әскер қатарына аттанды. Бүгін облыстық медициналық комиссияға 35 шақырылушы келіп, тексеруден өтіп жатыр. Медициналық сараптамадан кейін жастардың денсаулық жағдайы ескеріліп, тиісті әскери бөлімдерге бөлінеді.

СНХ: ҚАНАТ ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:: Шекара қызметіне 3 команда жасақталып жіберілді. Бүгінде азаматтарды іріктеу, зерделеу және медициналық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Ұлттық ұланның алғашқы командасы әскерге жіберілу мақсатында облыстық жинақтау пунктіне келді. Әскерге шақыруға дейінгі барлық жұмыстар аудандық және қалалық комиссияларда жүргізілді. Іріктеуден өткен азаматтар облыстық жинақтау пунктіне жіберіледі.

РКС: Азаматтарды әскери қызметке жіберу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жасақталады. Кейін Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Қарулы күштер және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері толықтырылады.

СНХ: АҢСАҒАН СҰЛТАН, БҰЛАНДЫ ЖӘНЕ БІРЖАН САЛ АУДАНДАРЫНЫҢ БІРІКТІРІЛГЕН ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Бүгінгі жастардың талабы жақсы, өздерінің жүректегі намыстары жоғары, өздерінің Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруға әскерге келіп отыр. Бүгін он бала алып келдім. Шекара қызметіне және де Астана қаласында орналасқан Ұлттық Ұланның 5570-ші әскери бөліміне. Қазіргі таңда біздің жас жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуден қашпайды, оларға 1414-тен хабарлама жібереміз, олар келеді біздің әскери бөлімге. Өздерінің ынталары жақсы.

СНХ: НҰРТАН СЕРІК, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ (ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ): Әскерге шақырту бойынша келдім. Ешкім күшпен алып кеткен жоқ. Өз еркімен келіп тұрмын. Колледж бітіріп, осы армия келіп тұрмын. Жастарға айтарым – қорықпаңыздар, келе беріңіздер. Контрактпен қал десе, қаламын. Болмаса өзімнің профессиямен жалғастыра беремін.

РКС: Әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде медициналық тексеруге ерекше мән беріледі. Себебі сарбаздың денсаулығы әскери қызмет талаптарына сай болуы керек. Биыл медициналық тексеру тәртібі де күшейтілді.

СНХ: МАКШАРИП МАРТАЗАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Талаптар, әрине, былтырғы шақырылымдағыдай өзгеріссіз қалды. Дегенмен денсаулыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір әскерге шақыру науқаны басталар алдында кеңейтілген медициналық тексеру жүргізіледі. Бұған дейін қан талдауы мен биохимиялық зерттеулер жүргізілсе, қазір іш қуысы мүшелерінің, бүйрек пен жүректің ультрадыбыстық зерттеуінен міндетті түрде өту талап етіледі. Президенттік күзет қызметіне шақырылатын азаматтарға қойылатын талаптар одан да жоғары. Басты мақсатымыз денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз азаматтардың Қарулы күштер қатарына шақырылуына жол бермеу.

РКС: Медицина мамандарының айтуынша, кейбір жастар әскерге баруға ниетті болғандықтан, әлдебір сырқатын жасыруға тырысады. Алайда мамандар мұның денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан шақырылушыларға медициналық тексеру кезінде денсаулығына қатысты барлық ақпаратты ашық айту маңызды. Айта кетейік, бүгін өңірдің 25 шақырылушысы Астана қаласындағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне әскери қызметке аттанады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу