Негізгі Жаңалықтар Мектеп күрделі жөндеуден өтті

Мектеп күрделі жөндеуден өтті


ДИКТОР: Аршалы ауданына қарасты Ижевск орта мектебі биыл жаңа кейіпке енді. 60 жылдық тарихы бар білім ордасына бұған дейін мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мектепті жаңғыртуға қазынадан шамамен 776 миллион теңге бөлініп, ғимараттың ішкі-сыртқы бөлігі толық жаңартылды.

РКС: Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың шатыры ауыстырылып, оқу кабинеттері ретке келтірілді. Жылу, су, кәріз, электр жарығы жүйесі толық жаңартылып, пластикалық терезелер орнатылды. Былтыр мектеп табиғи газ жүйесіне қосылып, білім алушылар үшін қолайлы, әрі тұрақты жағдай жасалды. 

СНХ: ЖАҢЫЛ ТӘТІМТАЕВА, АТА-АНА: Біз ата-аналар атынан аудан басшыларына мектебімізді жөндеп бергені үшін зор алғысымызды білдіреміз. Осыншама жылдан кейін бізге осындай керемет, заманауи жөндеу жүргізілді. Біздің балаларымыз сапалы білім алып, жақсы оқып, болашақта жоғары оқу орындарына түссе екен дейміз.

РКС: Азамат Жангуразов Ижевск орта мектебінің 11 сынып оқушысы. «Алтын белгіден» үміткер, болашақта экономист болғысы келеді. Осындай мүмкіндіктер бізге бүгін жан-жақты дамып, ертеңгі болашағымызды сенімді түрде қалыптастыруға жол ашады дейді ол.

СНХ: АЗАМАТ ЖАНГУРАЗОВ, 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: Мектебімізде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына қуаныштымын. Мектепке жаңа модификациядағы заманауи құрал-жабдықтар әкеліп орнатты. Олардың көмегімен түрлі жобалар жасап, тәжірибелер жүргізіп, тіпті ғылыми жұмыстармен де айналысамыз.

РКС: Мектептің материалдық-техникалық базасы да жаңарды. Биыл білім ордасында жаңа модификациядағы бес кабинет іске қосылды. 

СНХ: РАЙХАН АМАНЖОЛ, ИЖЕВСК ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бес жаңа модификациядағы кабинеттер ол биология, физика, инклюзивті кабинет және STEM, робототехника кабинеттері. Бұл жаңашылдықтар балалардың білім сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушыларымыз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми жобалармен айналыса алады. Яғни, тек білім алып қана қоймай, алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануға жағдай жасалуда.

РКС: Қазір білім ордасында 300-ге жуық оқушы білім алады. Ал осы оқу жылында алғаш рет қазақ тілінде білім беретін үш сынып ашылды. Бұл – жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес жүзеге асқан маңызды қадам. Енді ауыл балалары ана тілінде білім алып, заманауи жабдықталған кабинеттерде білімін жетілдірмек. 

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу