Негізгі Жаңалықтар Аршалы ауданында 9 білім беру мекемесі табиғи газға қосылды

Аршалы ауданында 9 білім беру мекемесі табиғи газға қосылды


ДИКТОР: Ақмола облысы бойынша Аршалы ауданындағы білім ошақтары алғашқы болып табиғи газға қосылуда. Былтыр бес мектеп, биыл тағы үш білім беру мекемесі мен бір бөбекжай көгілдір отынға қосылды. Мамандардың айтуынша, табиғи газға көшу экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді.

РКС: Аршалы ауданы бойынша қазір 9 білім беру мекемесі табиғи газ жүйесіне қосылған. Келер жылы тағы 7 мектепті көгілдір отынға қосу жоспарланды. Оның жоба-сметалық құжаттары дайын және сараптаманың оң шешімі бар.  

СНХ: БАҒДАТ АҚЫЛБАЕВ, АРШАЛЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Табиғи газға қосылудың экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімділігі өте жоғары. Мектептердегі жылу температурасының режимі тұрақты сақталады. Сонымен қатар көмірге жұмсалатын шығын да айтарлықтай азаяды.

РКС: Газға көшудің экономикалық тиімділігі нақты есептен де көрінеді. Былтыр табиғи газға қосылған бес мектеп бойынша жылуға жұмсалатын қаржының көлемін айтарлықтай азайған. Ол шығын былтыр бірден 45 процентке төмендеген. 

СНХ: ЖАНАР САТЫБАЕВА, «ЕСІЛЖАЙ» БӨБЕКЖАЙЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Ижевск ауылындағы «Есілжай» бөбекжайы биыл газға қосылып жатыр. Осы балабақша 2015 жылы ашылғаннан бері электр қазандығымен жылытылып келді. Жылыту маусымында электр энергиясына жылына шамамен 16 миллион теңге жұмсайтынбыз. Енді табиғи газға көшкеннен кейін шығын айтарлықтай азаяды. Алдын ала есеп бойынша, жылына табиғи газға шамамен 3 миллион теңге жұмсалады деп күтілуде. Яғни, жылына 12 миллион теңге үнем болады.

РКС: Сонымен қатар бұрын көмір жағуға байланысты экологиялық эмиссия үшін төлемдер жасалатын. Қазір бұл шығындар да азайып отыр. Аршалыда әлеуметтік нысандарды көгілдір газға қосу жұмыстары біртіндеп жүзеге асатын болады.    

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу