Негізгі Жаңалықтар Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар

Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар


ДИКТОР: Бүгінде аға буынның алдында ұрпақтар сабақтастығын сақтап, жастарға өзінің өмірлік тәжірибесін, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта Қорғалжын ауданында көшпелі семинар өтті. Ақмола облысының аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының өңірде жүзеге асырылуын талқылады.

РКС: Серғали Үсүпов 17 жылдан бері Есіл аудандық ардагерлер кеңесін басқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол аға буын өкілдерімен бірге өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді. Кездесу барысында оның еңбегі атап өтіліп, алғыс хат табысталды. Ақсақалдың айтуынша, қазіргі заманда ұлттық құндылықтарды сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізу аса маңызды.

СНХ: СЕРГАЛИ ҮСІПОВ, «АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қазір біз үшін жас ұрпаққа көбірек көңіл бөлу маңызды. Сондықтан жастар ұйымдарымен, мектептермен, оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қазір өзіміздің немере, шөберелеріміз өсіп келеді. Менің 4 немерем, 1 шөберем бар. Олар біздің ұрпақтар сабақтастығымыздың жалғасы.

РКС: Бүгінде ұрпақтар сабақтастығы ардагерлер ұйымдары жұмысының негізгі бағытының біріне айналып отыр. Жоба аясында үлкенге құрмет көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, тарихи сананы қалыптастыру және патриоттық тәрбие бағыттары қамтылған.

СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінгі күні жаһандану заманы болып жатыр, глобализация дейміз. Осы кезде әрбір ұлттың өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуы, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтау және оны жастардың бойына сіңіру – бұл үлкен аға буын алдында тұрған міндет. Сондықтан біз осындай тақырыпты қойып, бағдарламаның жеті негізгі бағытын айқындадық. Соның барлығы бойынша жеке жұмыс топтарын құрып жатырмыз. Былтырғы жылы барлық мектептерге Ардагерлер кеңесінің өкілдерін бекіткен болатынбыз. Енді биылғы жылы колледждерге де ардагерлерді бекітіп, сол жастармен бірге жұмыс істеуге. 

РКС: Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар арнайы қарар қабылдады. Құжатта өңірде жобаны одан әрі жүзеге асыруға бағытталған негізгі қадамдар айқындалды. Жиын соңында Қорғалжын ауданындағы ардагерлер қозғалысының белсенді өкілдеріне ерекше алғыс айтылды.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ. 


Бөлісу