Өңірде жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды
ДИКТОР: Бүгін Бурабай ауданында алтын өндіретін жаңа фабрика құрылысының басталуына орай алғашқы капсула салынды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Марат Ахметжанов қатысты. Айта кетейік, Ақмола облысы бүгінде елдегі жетекші орындардың бірін иеленіп, республика бойынша Доре қорытпасын өндіру көлемінің тең жартысынан астамын қамтамасыз етіп отыр.
РКС: Қытайлық компания жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысына 600 миллион доллардан астам инвестиция құюда. Жаңа зауыт шикізатты шетелге шығармай, оны тікелей өндіріс орнында өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірде алтын өндіру көлемі 2 есеге артады. Яғни, жылына бұрынғы 6 тоннадан 12 тоннаға дейін алтын өндіру жоспарланып отыр.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл жерде 400 тұрақты жұмыс орны болады. Және айтып кететіндей, бұл жаңа, озық технологиялар. Осы жуырда ғана халық қолдаған Конституциямыздың талаптарына сәйкес мынау қоршаған ортаны сақтауға, экологияны аялауға өзінің бір оң септігін тигізетін компания. Және біз бұл жобаны зерттеп, барып, танысып келдік. 18 мемлекетте бұл компания жұмыс істеп жатыр. Ақмола облысы жер қойнауындағы байлықпен қана емес, жаңағыдай мына алтын дән даласы деп айтып отырмыз ғой, ол алтын кен өңірі. Өйткені жер қойнауындағы мына 60 пайызы осы кеннің, алтын шығаратын кеннің осы Ақмола облысында шығарылады. 55% заготовка сплав Доре дейміз осы жасалған, кирпич сияқты шығарылған слиткилер, соның бәрі 55 пайызы осы Ақмола облысының алтынынан шығарылады.
РКС: «RG Gold» кен орнында 10 жылдан астам алтын өндіріледі. Компания жаңа геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде кен қорын тұрақты түрде толықтырып отырады. Қытайлық компанияның инвестициясы арқасында құрамында алтыны аз кенді де өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялар енгізілді. Өндіріс экологиялық талаптарға сай болады. Кәсіпорында гибридті көлік жүйесі іске қосылып, тұйық су айналымы жүйесі мен шаңнан қорғау шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, аумақты ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
СНХ: МАРАТ ШАЙМАРДАНОВ, «ZIJIN RG GOLD» ҚОСАЛҚЫ БАС ДИРЕКТОРЫ: Біздің басты мақсатымыз 2028 жылға қарай көміртегі бейтараптығына толық қол жеткізу. Сонымен қатар, өндірістік міндеттермен қатар, компанияның әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. Жер қойнауын пайдаланушы ретінде бізде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бар. Онда негізгі міндеттемелеріміз белгіленген. Қазіргі пайдалану құны жыл сайын 150 миллион теңге. Бұдан бөлек, компания өз еркімен, мысалы, соңғы 4 жылда әлеуметтік бағыттағы түрлі жобаларға шамамен 5 миллиард теңге инвестициялады.
РКС:«RG Gold» жобасы Қытай инвесторының Қазақстандағы алғашқы нысаны. Компанияның озық әлемдік технологиялары Қазақстанның экологиялық стандарттары мен қолданыстағы заңнамасына толық бейімделеді. Компанияның бас директоры Го Сяньцзянь жобаны жүзеге асыру барысында өңірді дамытуға, жергілікті кадрларды даярлауға және отандық мердігерлерді тартуға басымдық берілетінін атап өтті.
СНХ: ГО СЯНЬЦЗЯНЬ, «ZIJIN GOLD INTERNATIONAL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Біз үшін инвестиция өңір, оның тұрғындары және кәсіпорын үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыру. Компаниямыздың шетелдегі нысандарында жергілікті кадрлардың үлесі 96 пайызға дейін жетеді. Біз мамандарды жергілікті жерде белсенді түрде оқытып, қазақстандық жеткізушілерді тартуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз қауіпсіз өндіріс құрып, мемлекет пен өңірдің өзара тиімді дамуын қамтамасыз ету.
РКС: Қазір кәсіпорында вахталық әдіспен 1800 адам жұмыс істейді. Жаңа фабрика іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаттылығы 2 еседен асып, жылына 17 миллион тонна кен өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алтын өндіру көлемі 12 тоннаға дейін ұлғайып, 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытқа қажетті шетелдік жабдықтарға тапсырыс беріліп қойды. Оларды дайындау мен жеткізуге шамамен бір жарым жыл уақыт қажет. Жобалау жұмыстары биыл аяқталып, құрылыс жұмыстары көктемде басталады. Жаңа фабриканы іске қосу 2028 жылдың соңына жоспарланып отыр.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ