Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының жартылай финалы өтті

Көкшетауда «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының жартылай финалы өтті


ДИКТОР: Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Мөлдір өлең» поэзиялық тележобасы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Мөлдір Айтбайдың идеясы. Оған еліміздің 17 облысы, үш қаласынан 60 ақын қатысады. Олар аймақтар бойынша өзара топқа бөлініп, поэзиялық додаға түседі.Шара Қазақстан Жазушылар Одағының қолдауымен өткізіліп жатыр. Жобаның жартылай финалы Көкшетауда өтіп, оған Жетісу облысынан арнайы үш ақын келіп қатысты.  

РКС: «Мөлдір өлең» — қазақ поэзиясын кеңінен насихаттап, жас дарындарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған Қазақстандағы тұңғыш ауқымды поэзиялық теле-жоба. Басты мақсаты сөздің парқын түсінетін, қазақтың қара өлеңіне бейімі бар жандардың қатарын көбейту және соңғы жылдары кенжелеп қалған поэзия жанрын қайта жандандыру. 

СНХ: МӨЛДІР АЙТБАЙ, «МӨЛДІР ӨЛЕҢ» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ: Жалпы саны 20 команда. Әр командада үш ақыннан. Сол облыстың намысы ойнасын деп үш ақыннан ғана алдық. Осындай ақындары бар екенін білсін деп команда етіп жасақтадық. 20 мамырда бастадық. Әр сәрсенбі өтіп келе жатырмыз. Көкшетауда 16-шы апта, жартылай финалды қорытындылайтын кеш. О баста 20 командадан 10 команда қалу керек еді. Біз резервпен екі команда қосып шығардық. 10 командадан бес команда қалған кезде тұйықталып қалады екенбіз. Сол 12 командадан бұйыртса 6 команда финалға шығады. Соның ішінен үшеуі супер финалға жолдама алады. Сол командалар 30 қыркүйекте Алматыда өтетін қорытынды кезеңде 1,2,3 –ші орындарды иеленеді. 

РКС: Бұл шара ақындардың өзара пікір алмасып, сөз додасында бағын сынап қана қоймай, шығармашылық бағытта өзін дамытуға мүмкіндік береді. Сайыс үш кезеңнен тұрады.Бірінші кезеңде ақындар өзі сүйіп оқитын басқа ақынның өлеңін жатқа айтады. Екінші кезеңде залда отырған көрермен ұсынған бес сөзге 20 минут ішінде өлең құрастырады. Ал үшінші кезеңде екі ақын өзара батл жарысына түседі. Жеңімпаздарды онлайн форматта дауыс беру арқылы жанкүйерлер анықтайды. 

СНХ: АЗАМАТ НҰРМҰХАН, АҚЫН (ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ): Бұл жобаның ақындарға берері көп деп есептеймін. Себебі 20 өңірден 60 ақын бір арнаға тоғысып жатыр. Бір-бірімізбен танысып, білісіп жатырмыз. Шығармашылығымызбен танысып жатырмыз. Сол жағынан алғанда үлкен жетістік деп есептеуге болады. Оның сыртында ел көресің, жер көресің. Одан бөлек өлең жазуға мүмкіндігің болады. Ойлау қабілетің зор әсері болады.

РКС: «Мөлдір өлең» жыр додасын тамашалауға келген жергілікті қаламгерлер бұл уақытында ұйымдастырылып жатқан шара екеніне тоқталды. Өйткені «қазақтың қара өлеңін өзіне шекпен қылып қайтаратын» ақиық ақындардың ізбасарлары көпшілік ортада мойындалмай жүргені рас. Бұл жас таланттардың жолын ашып, танылуына да зор мүмкіндік. Көкшетаулық ақындар Манарбек Қыдырбай, Оралбек Нүріш, Абылайхан Әшімхан жетісулық ақындар Мұхтар Күмісбек, Азамат Нұрмұхан және Бақыт Қалибек өзара сайысты.    

Интершум: 

РКС: Сайыс 4 ай көлемінде өтіп жатыр. Қорытындысы осы айда шығарылады. Түсірілімдер Алматы қаласында өтеді. Ресми YouTube арнасы мен әлеуметтік желілерде, телеарналарда тікелей және ашық форматта көрсетіледі. Сайыс жеңімпазына 3 миллион теңге ақшалай сыйлық пен арнайы «Мөлдір өлең» статуэткасы табысталады. Екінші орынға 2, үшінші орынға 1 миллион теңге беріледі. Поэзия кешін Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әсем әндерімен әрлеп, жергілікті ақындар өлеңдерін оқып, көркемдей түсті. Ал, бүгінгі сайыста жетісулық ақындар жеңіске жетті. Көкшетаулық ақын Манарбек Қыдырбай Алматыда өтетін ақтық сайысқа Мөлдір Айтбайдың ұсынысымен қатысып, өзінің «Ақтабан» атты өлеңін оқитын болды және оған арнайы жеке сыйақы тағайындалмақ.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 

  


Бөлісу