Негізгі Жаңалықтар Сотталғандар арасында «Үміт – 2026» облыстық байқауы өтті

Сотталғандар арасында «Үміт – 2026» облыстық байқауы өтті


ДИКТОР: Көкшетауда сотталғандар арасында «Үміт – 2026» шығармашылық байқауының облыстық кезеңі өтті. Қалалық кезеңнен іріктелген үздік картиналар мен қолданбалы өнер туындылары облыстық байқауда көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылардың еңбегін қазылар алқасы бағалап, үздік жұмыстар республикалық кезеңге жолданады.

РКС: Музей төріне қойылған әр туындының өзіндік тарихы бар. Қатысушылар бояу мен қылқаламды ғана емес, ағаш пен матаны да шебер пайдаланып, түрлі бұйымдар жасаған. Суреттерде жазасын өтеушілердің қиялы мен көзқарасы көрінсе, қолданбалы жұмыстардан ұқыптылық пен төзімділікті аңғаруға болады. Әр еңбек – автордың шығармашылық ізденісі мен қолынан келгенін көрсетуге деген талпынысының нәтижесі.

СНХ: ҮМІТ ТАҢДАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бүгінгі таңда Ақмола облысында бас бостандығынан айырылған адамдардың қолөнер туындылары көрсетіліп тұр. Оның ішінде салынған суреттер, матадан жасалған балаларға арналған ойыншықтар, ағаштан жасалған әртүрлі шеберліктер. Мысалы, шахмат тақтайшалары, киім ілетін ілгіштер де көрсетілген. Мұндай көрмелер бізде ортақтасып, бірлесіп жүргізіледі. Бүгінгі көрменің жеңімпаздары республикалық байқауға жолданады

РКС: Биыл байқауға облыстық қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты бірнеше мекемесінен 50-ге жуық шығармашылық жұмыс ұсынылған. Оның ішінен үздік деп танылған жиырмаға жуық туынды облыстық кезеңде сарапқа салынды. Бейнелеу өнері мен қолданбалы өнер бағыттары бойынша үш-үштен үздік туынды іріктеліп, Ақмола облысының атынан республикалық байқауға жолданады. Таңдалған жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін республикалық кезеңге жіберу жоспарланған.

СНХ: ТИМУР САБЫРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІ СОТТАЛҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Кездейсоқ емес осы байқаудың атауы «Үміт деп» аталуы. Жаңа өмір бастауға, отбасына және қоғамға қайта оралуға деген сенім ретінде де қарастыруға болады. Кейінде сотталғандар қылмыстық атқару жүйесінің заңнамасына сәйкес, көтермелеу шаралары қолданылады, қылмыстық атқару кодексына сәйкес. Кейін оларға сот үкімі бойынша жазаны жеңіл түріне өзгертуге мүмкіндік беріледі және олардың мінездемесін жақсартуға ықпал етеді. Олар жеңгеннен кейін көтермелеу шараларын алып, бостандыққа шығуға тағы бір қадам жасайды.

РКС: Қазылар алқасы әр жұмысты мұқият қарап, орындалу сапасы мен шығармашылық ерекшелігін бағалады. Бейнелеу өнері номинациясында «Қар барысы» суреті қола жүлдеге лайық деп танылса, «Аққулар» картинасы екінші орынға ие болды. Ал Бурабайды бейнелеген туынды ең жоғары бағаланып, бірінші орын алды. Қолданбалы өнер бағытында «Бәйтерек» монументі үшінші орынға тұрақтаса, кеме бейнесіндегі жұмыс екінші орынды иеленді. Ал «Шахмат қобдишасы» үздік деп танылды. Осылайша, облыстық кезеңнің жүлдегерлері анықталып, үздік алты туынды республикалық байқауға жолдама алды. Айта кетейік, бұл көрме бір апта бойы көрермен назарына ұсынылады. Келем деушілерге есік ашық. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу