Негізгі Жаңалықтар Студенттерге заң талаптары мен оның жауапкершілігі түсіндірілді

Студенттерге заң талаптары мен оның жауапкершілігі түсіндірілді


ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне осы оқу жылы қабылданған 200-ге жуық бірінші курс студентінің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесу өтті. Студенттер ювеналды полиция, жол-патрульдік полиция, киберқауіпсіздік және есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімдерінің қызметкерлерімен жүздесті. Құзырлы орган өкілдері жастарға заң талаптарын сақтау, құқықтары мен міндеттерін білу, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде маңызды ақпарат берді. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. 

РКС: Жастарға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі құқық бұзушылықтар мен олардың салдары туралы кеңінен түсіндірілді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері кей жағдайда ойланбай жасалған бір әрекеттің өзі елеулі зардаптарға әкеліп, заң алдында жауапкершілікке себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Кездесу барысында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілді. Полиция қызметкерлері студенттерді өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуге, заң талаптарын қатаң сақтауға және әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

СНХ: ВАДИМ ОДИНЦОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгін бізге полиция қызметкерлері келіп, есірткінің зияны, кәмелетке толмағандардың өзін-өзі ұстау тәртібі және киберқауіпсіздік туралы маңызды ақпарат берді. Есірткі мәселесіне қатысты мамандар заңсыз әрекеттердің салдарына ерекше тоқталды. Мысалы, есірткіге қатысты заңсыз ақпаратты немесе сілтемені тарату, сурет жіберудің өзі құқық бұзушылық болып саналуы мүмкін. Мұндай әрекеттер үшін айыппұл салынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуға болады. Сондай-ақ темекі шегудің зияны, жатақханада және көшеде өзін дұрыс ұстау тәртібі туралы айтылды. Менің ойымша, бірінші курс студенттері үшін осындай іс-шаралардың өткізілуі өте маңызды.

СНХ: АҚГҮЛ САНҚЫБАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен бірінші курста оқып жатырмын, енді келдім. Бізде іс-шараны өткізіп тастады. Және де ол жақта бізді әртүрлі мошинектер устап қалмады, абайлап жүрді, бәрін түсініп тастады. Үлкендерге және өзіме қатар адамдарға айтқың келетіні: мошинектерге астығып қалмау керек, абайлап, бәрін қарап, түсініп, сұрап барып, өзіңнің керекті құжаттарыңды айту керек.  

РКС: Мамандар студенттерге әкімшілік құқық бұзушылықтар, есірткіні қолдану мен таратудың салдары, жол қозғалысы ережелері және интернеттегі қауіпсіздік туралы түсіндірді. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдеріне тоқталып, банк картасының деректері мен SMS кодтарын бөгде адамдарға бермеу керектігін ескертті. Студенттерді күмәнді хабарламалар мен ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды.

СНХ: ДАНИИЛ ГОЛОВЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Біз азаматтарға киберқауіпсіздік пен кибергигиена талаптарын сақтау туралы түсіндірдік. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне тоқталдық. Бүгінде интернет-алаяқтықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Интернет-алаяқтықтан көбінесе егде жастағы адамдар зардап шегеді. Ал студенттер арасында қылмыстық істерге байланысты дропперлікке тартылу жағдайлары кездеседі. Осыған байланысты Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері дропперлік туралы, оған қалай жол бермеу керектігі және өздерінің банк шоттарын заңсыз мақсатта пайдалануға берудің қауіптілігі туралы түсіндірду жұмысын жүргізді.

РКС: Мұндай кездесулер құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жастар мен құқық қорғау органдары арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді Шара қатысушыларының айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатының маңызын арттыруға ықпал етеді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу