Щучинскідегі жарылыс: сот үкімі шықты
ДИКТОР: Щучинск қаласындағы дәмхана жарылысына кінәлілер сотталды. Палау орталығының иесі мен газ құю станциясының директоры жеті жылға, газ тасымалдаушы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» деген айып тағылды. Бурабай аудандық соты осындай үкім шығарды. Сондай-ақ, 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Сот қылмыстық істі қарау барысында облыс әкіміне жеке қаулы шығарды. Онда қоғамдық тамақтану нысандарындағы өрт қауіпсіздігін күшейтіп, анықталған кемшіліктердің алдын алу керектігін хабарлады. Сотқа жолданған тергеу материалдарына сәйкес 20 томдық қылмыстық іс қаралды. Еске салайық, палау орталығындағы апат биыл 26 ақпанда болды. Бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, артынша өрт шыққан. Салдарынан 28 адам зардап шекті. Оның 12-і бақилық болды.