Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда эко-терминалдар орнатылды

Көкшетауда эко-терминалдар орнатылды


ДИКТОР: Көкшетауда қалдықты бөлек жинауға арналған эко-терминалдар орнатылды. Заманауи фандоматтар пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды қабылдайды. Жиналған қалдықтар сұрыптаудан өтіп, қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да бағытталған. Жоба «Таза Қазақстан» қағидатын қолдап, қаланы таза ұстауға және қалдықтарды тиімді басқаруға үлес қоспақ. Эко-терминалдар қалай жұмыс істейді? Қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтар қандай пайда әкеледі? Тілші баяндасын. 

РКС: Аймақта да эко-терминалдар іске қосылды. Бурабай ауданында үш фандомат орнатылса, тағы үш құрылғы Көкшетау қаласында жұмыс істеп тұр. Жүйенің жұмыс істеу тәртібі қарапайым, пластикалық бөтелке немесе алюминий банканы арнайы қабылдау бөлігіне салса жеткілікті. Жиналған ыдыстар сұрыпталып, кейін қайта өңдеуге жөнелтіледі. Жүйенің тағы бір ерекшелігі – тұрғындарға берілетін қосымша ынталандыру. Өткізілген әр қаптама үшін бонус ұпайлары есептеледі. Оларды жобаның әлеуметтік серіктестерінің қызметтері мен ұсыныстарына пайдалануға болады.

СНХ: МӘРИЯМ ӘБІШЕВА, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ: Мысалы, тұрғын фандоматқа PET-бөтелкесін өткізсе, оның қосымшасындағы шотына белгілі бір мөлшерде бонус түседі. Оны әлеуметтік серіктестердің қызметтеріне пайдалануға болады. Бұл такси, кофехана, киім дүкені, мейрамхана немесе кинотеатр болуы мүмкін. Әлеуметтік серіктестеріміз көбейген сайын, тұрғындардың да таңдау мүмкіндігі арта түседі. Бұл өз кезегінде жобаға деген қызығушылықты күшейтеді.

РКС: Шаhарда әзірге үш жерге эко-терминал орнатылған. Олар «Тәуелсіздік» алаңындағы кинотеатр маңына, жағалауда және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бас корпусында. Бұл – қалада полигондарға жөнелтілетін қалдық көлемін азайтып, қайта өңдеуге жарамды шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Экологиялық әдет қалыптастыру үшін үнемі ауқымды іс-шаралар өткізудің қажеті жоқ. Ең бастысы – қалдықты бөлек жинау дағдысының біртіндеп күнделікті өмір салтына айналуы.

СНХ: ӘДІЛ БАКИНЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұрын бөтелкелерді қоқысқа тастайтынмын, қазір оларды «Sparklo» автоматына өткіземін. Осы автомат арқылы түрлі қосымшалардан бонус жинаймын. Оларды жеткізу қызметіне, маркетплейстерден заттар сатып алуға және басқа да қызметтерге пайдалануға болады. Үлкен қалаларда мұндай автоматтар бұрыннан бар. Осындай құрылғылардың біздің қалада да пайда болғанына қуаныштымын.

РКС: Осындай бастамалар қолға алынғанымен, еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі де өзекті. Салалық ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтардың жалпы көлемінің үштен бірі ғана сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі.

СНХ: ДӘУЛЕТ ЕСМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ: Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында шамамен 5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар құрылды. Оның 1,5 млн тоннасы сұрапталды және қайта өңделді. Бұл 30,6%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 2,1 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың құрылды. Сұрыпталған және қайта өнделген қалдықтардың үлесі 600 мың тонна құрайды. 

РКС: Көкшетауда жоба енді ғана қарқын алып келеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта эко-терминалдар желісін кеңейтіп, жаңа әлеуметтік серіктестерді тартуды жоспарлап отыр. Бұл қала тұрғындарының жарамды шикізатты қайта өңдеуге көбірек тапсыруын, екіншіден сол үшін ынталандыруды көздейді. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу