Өндірістік шаһар жылу беру маусымын бастауға дайындалуда
ДИКТОР: Биыл Степногорск қаласында инженерлік желілерді ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы орындалып, тек соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың жылу беру маусымына дайындығы туралы тілші баяндайды.
РКС: Степногорскіде құбырларды ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаға 40-қа жуық адам, 5 техника мен инженерлік-техникалық мамандар жұмылдырылды. Қазір қаладағы Тоғызыншы шағын ауданда жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
СНХ: ӘЛЖАН НҰРЖАН, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Қазір 9-шы шағын ауданда диаметрі 279 және 219 миллиметр болатын құбырлар ауыстырылып жатыр. Қала бойынша 2-ші, 7-ші және 4-ші шағынаудандардағы жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар, жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Демонтаж жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Ал монтаждау жұмыстарының 90 пайызы орындалды. Бұл жылу трассасын ауыстыру жұмыстары.
РКС: Сонымен қатар, жергілікті жылу электр орталығынан қалаға жылу жеткізетін магистральдық желілерді жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Құбырларды төсеу кезінде алдын ала оқшауланған құбырларды қолданудың жаңа технологиясы енгізілді. Мұндай жүйенің қызмет ету мерзімі әлдеқайда ұзақ. Сонымен қатар ол тиімдірек, жылуды жақсы сақтайды.
СНХ: ИГОРЬ ДРУЖИНИН, «СТЕПНОГОРСК ТЕПЛОТРАНЗИТ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Диаметрі 820 миллиметр болатын магистральды құбырды ауыстыру жоспарланған. Оның ұзындығы 5 шақырымнан асады. Қазір 4 шақырым құбыр монтаждалды. Мердігер жұмысты 11-ші қыркүйекке дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Одан кейін жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс іс-шаралар жүргізіледі. Барлық кестеге сәйкес Степногорск қаласында жылыту маусымын уақытында бастаймыз.
РКС: Қаланы жылу және электр энергиясымен Степногорск жылу электр орталығы тұрақты қамтамасыз етеді. Мұнда да жыл сайын апатты жағдайлардың санын азайтуға және жабдықтардың жұмысын жақсартуға бағытталған қажетті жұмыстар жүргізіледі.
СНХ: ЕВГЕНИЙ ЛАЗЬКО, «СТЕПНОГОРСК ЖЫЛУ-ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Биылғы жылыту маусымына дайындықта өткен жылдары ауыстырылмаған жабдықтарды толықтай жаңарту жұмыстары қарастырылды. Атап айтқанда, №6 қазандық агрегатының қыздыру беттері, яғни экрандық құбырлары ауыстырылады. Қазір №2 қазандық агрегатына жөндеу жұмыстары жүргізілді. №3 қазандық агрегатына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жасала №5 қазандық әлі жөнделуде.
РКС: Қаладағы инженерлік желілерді жаңғырту, ауқымды жұмыстар кешеніне айналды. Былтыр 15 шақырым магистральдық желі ауыстырылған еді. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тапты.
СНХ: ФАРХАТ БАЙҚАСОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл диаметрі 530 миллиметр болатын, ұзындығы 14 шақырым желіні ауыстырдық. Қазір ол желі опрессовкадан өтіп, толық дайындалды. Сонымен қатар, Ұлттық жоба аясында диаметрі 820 миллиметр болатын магистральдық желі ауыстырылып жатыр. Қазіргі уақытта 9 жарым шақырым желі төселді. Енді небәрі 1 шақырым 400 метр қалды. Жылыту маусымы ауа райының жағдайына және белгіленген кестеге сәйкес басталады.
РКС: Жергілікті билік барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Осылайша, қала жылыту маусымы басталғанға дейін толық дайын болады деген болжам бар.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.