Негізгі Жаңалықтар Адам денсаулығын жақсартудың, қоршаған ортаны сақтаудың тиімді жолдары

Адам денсаулығын жақсартудың, қоршаған ортаны сақтаудың тиімді жолдары


ДИКТОР: Қыркүйектің 15-і санитариялық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерінің төл мерекесі. Осымен екінші жыл қатарынан мекемелердегі санитарлық нормалардың қадағалануын бақылап келе жатқан мамандарға құрмет көрсетілуде. Биыл тұңғыш рет «Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің халыққа жайлылығын қамтамасыз етудегі сектораралық өзара іс-қимыл» тақырыбында өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған қатысқан медицина саласының мамандары адам денсаулығын жақсартудың, қоршаған ортаны сақтаудың тиімді жолдарын талқыға салды. 

РКС: Ақмола облысында тұңғыш санитариялық қызметтің құрылымы 1907 жылдан басталады. Ал 1910 жылы санитар дәрігер мен эпидемиолог мамандығы пайда болған. Яғни, бұл саланың 1 ғасырға жуық тарихы бар. Қанша уақыт алмасса да, халықтың денсаулығына жауап беру және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бұл саланың өзгермейтін міндетіне айналған. Ұзақ жыл бұл жүйе тек бақылау мен қадағалау қызметін жүргізіп қоймай, талай мықты маманды тәрбиелеп шығарған үлкен мектеп саналады.  

СНХ: ҚАСЫМЖАН ТӘШМЕТОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Оның ішінде біздің ұстаздарымыз алдыңғы толқын ағалар қаншама қызметтер жасап, із қалдырды. Иван Погорелов, Иван Белоног, Шайсұлтанов, Зоя Мамеко Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері. Штоль, Завадов деген кісілер болды. Осындай өз кәсібіне, өз қызметіне берілген мамандар із қалдырды. Еліміз егемендік алғаннан бері қаншама өзгерістер болды. 2002 жылы «Халықтың санитарлық саламаттылығын арттыру» туралы Заң қабылданды. Бұл санитариялық қызметтің орнын ерекше бөліп, оның құқығын бекітті.

РКС: Ғылыми-тәжірибелік конференция алдында өткен салтанатты шараға қатысқан Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мен облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова санитариялық-эпидемиологиялық саланың халықтың денсаулығын сақтау, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу және адамдардың өмір сүруіне қауіпсіз қоршаған ортаны қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Бұл сала мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының ажырамас бөлігі екені де баса айтылды. Өзінің мінсіз қызметі үшін бірқатар қызметкер еліміздің бас санитар дәрігерінің, облыс әкімінің және жергілікті департамент басшысының Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.   

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: ИСА ӘБСАТТАР, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біздің кәсіби мерекеміз екі жыл ғана аталып өтіп отыр, оның екі жылдық тарихы болғанымен, біздің санитарлық қызметтің бір ғасырлық тарихы бар.  

РКС: Санитариялық-эпидемиологиялық сала цифрландырылып жатыр. Оған «Вакцинация», «Эпидемиолог» ақпараттық цифрлық жүйесі, «Шұғыл хабарлама» модулі пилоттық жобасы дәлел бола алады. Инфрақұрылымды дамыту және санитариялық саламаттылық, халықпен жүйелі коммуникация құру, зертханалық қызмет арқылы диагноздарды уақытылы растауды қамтамасыз ету жұмыстары да өз деңгейінде. Адам денсаулығын жануарлардың денсаулығы мен қоршаған ортаның жағдайынан бөліп қарауға болмайтын «Бірыңғай денсаулық» қағидаты аса қауіпті инфекциялардың алдын алуды көздейді. Осы және өзге де мәселелер ғылыми-тәжірибелік конференция барысында жан-жақты талқыланды. 

 ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу