Өңірде жыл басынан бері 650-ден астам ұрлық фактісі тіркелді
ДИКТОР: Ақмола өңірінде жыл басынан бері 650-ден астам ұрлық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда шамамен 7 пайызға жуық төмен. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу да тәртіп сақшыларының басты назарында. Осы бағытта профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
РКС: Ұрлықтың дені адам көп шоғырланатын орындарда жасалады. Мәселен, жыл басынан бері көшелер мен тұрғын үйлердің кіреберістерінде 70-ке жуық, сауда орталықтары мен дүкендерде 60-тан астам, демалыс орындарында 17 ұрлық дерегі тіркелген. Қылмыс жасағандардың ішінде 18-жасқа толмағандар да бар. Сондықтан, жасөспірімдер арасында ұрлық фактілерінің төмендеуіне бағытталған профилактикалық жұмыстардың мағызы зор.
СНХ: САҒЫНДЫҚ ЖАНТЕМІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл» жөніндегі ведомстволық бағдарламаны іске асыру аясында тиісті шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Аталған бағдарлама кешенді профилактикалық шараларды қамтиды. Оның ішінде заңнамалық шаралардан бастап, мүліктің техникалық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз ету және өзге де бағыттар қарастырылған. Қылмыстық іс аясында аталған тұлға күдікті деп танылады. Қажетті тергеу әрекеттерінің барлығы жүргізіліп, оған қорғаушы беріледі. Сонымен қатар, кейіннен ол профилактикалық есепке қойылады. Оның аясында кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі қызметкерлер мен учаскелік жедел уәкіл оны бақылауға алады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың кешкі сағат 10-нан кейін үйде болуы да қадағаланады.
РКС: Заң бойынша қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады. Соңғы 8 айда жасөспірімдерге қатысты анықталған ұрлық деректерінің 100-ден астамы ауыр, ал 300-ге жуығы орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде тіркелген. Бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қайталама қылмысқа жол бермеу бағытындағы заң талаптары мен профилактикалық тетіктер жетілдіріліп келеді.
СНХ: САҒЫНДЫҚ ЖАНТЕМІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде оң үрдістер байқалуда. Қалада бірқатар бейнебақылау камералары мен нысандарға дабыл беру жүйелері орнатылған. Қылмыс жасағандарға қатысты жауапкершілікті күшейту бағытында жұмыс атқарудамыз. Бұрын қылмыстың ауырлық санаттары бойынша заңсыз кіру жеке құрам ретінде қарастырылмайтын. Қазір тұрғын үйге немесе өзге де нысанға заңсыз кіру қылмыс жасаудың жекелеген тәсілі ретінде сараланып, ауыр қылмыс санатына енгізілді. Сондай-ақ қылмысты қайталап жасағаны үшін жауапкершілік те күшейтілді.
РКС: Ұрлыққа қатысты қылмыстардың ішінде интернет-алаяқтық деректері де өршіп тұр. Бұл бағытта құзырлы органдар тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Киберқылмыстарға қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында полиция құрамында арнайы кибербөлімше құрылып, интернет кеңістігіндегі қылмыстарды анықтау, жолын кесу және алдын алу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ