Негізгі Жаңалықтар Аңшылық кезінде ер адам оққа ұшты

Аңшылық кезінде ер адам оққа ұшты


ДИКТОР: Зеренді ауданындағы аңшылық қайғылы жағдаймен аяқталды. Аң аулауға шыққан алты адамның бірі оққа ұшқан. 64 жастағы ер адам қаза тапты. Оқиға 6 қыркүйек күні таңертең Қызылтан ауылының маңында болған. Қайғылы жағдайға не себеп болды? Оқ қалай атылды? Оқиғаның мән-жайын тілші баяндасын. 

РКС: Қайғылы жағдай аңды қаумалап, қоршау кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, аңшылардың бірі алда, екіншісі оның артында келе жатқан. Кенет ер адам артына қарай оқ атқан. Абайсызда атылған оқ 64 жастағы аңшыға тиіп, ауыр жарақат салған. Ер адам оқиға орнында көз жұмды.

СНХ: ӘСЕМ ӘБДІРАХМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, аңшылық кезінде Көкшетау қаласының тұрғынына тиесілі мылтықтан абайсызда оқ атылған. Оқиғаның мән-жайы мен қарудың қандай жағдайда атылғаны тергеу барысында анықталуда.

РКС: Аңшылық заң талаптарына сай, қажетті рұқсат құжаттары негізінде жүргізілген. Аңшылыққа шыққандармен қатар қорықшы мен аңдарды қаумалаушы да қатысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, топ құрамында аңшылыққа қатыспаған тағы бір адам болған. Полиция аңшылық кезінде бір адамның қаза тапқанын растады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу