Санавиация - денсаулықтың сақшысы
ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысындағы санитарлық авиацияның мамандары 300-ге жуық шақырту алған. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлері өңірдің кез келген нүктесінде шұғыл көмек көрсетуге үлгеру үшін тәулік бойы кезекшілік атқарады. Тұрғындардың денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы туралы тілші баяндайды.
РКС: Санитарлық авиацияның жұмысы аудандық жедел жәрдем шақыртуынан басталады. Жергілікті дәрігерлер науқастың жағдайын бағалап, алғашқы қажетті медициналық көмекті көрсетеді. Егер қосымша медициналық қолдау қажет болса, мамандар санитарлық авиация бригадасын шақыртады.
СНХ: МӘДИНА СМАҒҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Медициналық авиация Ақмола облысының шалғай елді мекендеріне шұғыл медициналық көмек көрсету үшін барады. Яғни жоғары білікті мамандардың кеңесі немесе науқасты тасымалдау қажет болған жағдайда қызмет көрсетіледі. 8 айдың ішінде 300-ге жуық сапар жасалды, оның ішінде 19-ы әуе рейсі. Сондай-ақ осы кезеңде 81 консультация жүргізіліп, 46 шұғыл ота сол жерде жасалды. Жазғы кезеңде шақыртулардың ең көп саны Бурабай ауданына тиесілі болды. Өздеріңіз түсінгендей, бұл курорттық аймақ, туристер легі өте көп.
РКС: Әр шақыртуға мамандардан құралған жеке медициналық топ жасақталады. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта медициналық жасақ шақырту орнына жолға шығады. Жыл басынан бері қызмет мамандары 318 рет медициналық көмек көрсетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 процент жоғары. Оның ішінде 205 жағдай бойынша науқастар облыс орталығына жеткізілген. Мұндай сапар кезінде әрдайым анестезиолог-реаниматолог бірге жүреді.
СНХ: ИНДИРА САРЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС АНЕСТЕЗИОЛОГ-РЕАНИМАТОЛОГЫ: Шақырту түскенге дейін науқастың жағдайы туралы алдын ала ақпарат аламыз. Науқастың жағдайы күрделі болса, қосымша консультация қажет болған жағдайда, бірден кеңес береміз. Байланыс науқасқа жеткенше жол бойы үздіксіз жүргізіледі. Егер науқасты тасымалдауға болатын болса, оны көпбейінді облыстық ауруханаға жеткіземіз. Ал жағдайы тұрақсыз болса, бригадамен бірге қалып, қажетті медициналық көмекті көрсетеміз. Кей жағдайда нейрохирург, травматолог, хирург сияқты бірнеше маманнан құралған топпен шығамыз. Науқастың жағдайын тұрақтандырып, тасымалдауға дайын болғаннан кейін ғана ауруханаға жеткіземіз.
РКС: Айта кетейік, өңір басшылығы аудандарда медицинаны дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Ауылдарға мамандарды тартуда. Медициналық пункттер заманауи және нақты құрылғылармен жарақтандырылуда. Оның алғашқы нәтижелері де бар. Мәселен, былтыр медавиация қызметі Атбасар қаласына жиі қатынады. Биыл медициналық персонал мен құрал-жабдықтар біршама нығайтылды. Соның арқасында ауданның ақ халаттылары ауыр жағдайлардан өз күштерімен шығуда.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ