Екі жылда Жарқайың ауданына 17 медицина маманы келді
ДИКТОР: Екі жылда Жарқайың ауданына 17 медицина маманы келді. Оның ішінде дәрігерлер, фельдшерлер мен мейірбикелер бар. Былтыр денсаулық сақтау мекемелеріне 8 маман қосылса, жыл басынан бері тағы 9 дәрігер жұмысқа орналасты. Олардың басым бөлігі жас маман.
РКС: Бүгінде ауданның денсаулық сақтау жүйесінде аудандық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық және бір фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Соңғы екі жылда мұнда фельдшерлер, мейірбикелер, жалпы практика дәрігері және резидентурада оқып жүрген хирург келді. Бірнеше жас маман Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласындағы медициналық колледжді тәмамдағаннан кейін ауданға келді. Оның біреуі Гүлнәз Бірмағамбет. Қазір ол аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде жұмыс істейді.
СНХ: ГҮЛНӘЗ БІРМАҒАМБЕТ, ХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ФЕЛЬДШЕРІ: Қазіргі таңда маған жұмыс орны ұнайды. Коллектив жақсы, адамдар бір-бірімен жақсы араласады. Сонымен қатар, медқызметкер мен пациенттің арасындағы қарым-қатынас та жақсы. Осы ауруханадағы медқызметкерлер пациентке жақсы қарайды, олармен жақсы тіл табыса алады. Барлығы тату-тәтті.
РКС: Жас мамандардың арасында Жарқайың ауданының тумасы да бар. Алсу Исенова биыл «Жалпы дәрігерлік практика» мамандығы бойынша Қарағанды медицина университетін тәмамдады. Кейін елге оралуға ниет білдірді. Қазір ол аудандық ауруханада жұмыс істейді. Әріптестері оған қызметке бейімделуге және алған білімін практикада қолдануға көмектеседі.
СНХ: АЛСУ ИСЕНОВА, ЖАЛПЫ ПРАКТИКА ДӘРІГЕРІ: Жарқайың аудандық ауруханасына бесінші учаскеге жұмысқа орналастым. Тәлімгерім Мария Болатқызы. Мұнда практикалық дағдыларыдымызды қолдануға үйреніп келеміз. Өзім Гастелло ауылының тумасымын. Қазір Державинск қаласында отбасыммен бірге тұрамын. Ұжымымыз өте тату.
РКС: Ауданға медицина мамандарын тарту үшін барлық жағдай жасалған. Ақ халаттыларға пәтерлер мен жатақханадан орын ұсынылады. Мұндай қолдау жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жас мамандардың ауылдық жерлерге тұрақтап қалуына септігін тигізбек.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ