Негізгі Жаңалықтар Аймақтағы элеваторларға 800 мың тоннадан астам астық жеткізілді

Аймақтағы элеваторларға 800 мың тоннадан астам астық жеткізілді


ДИКТОР: Ақмола облысының диқандары егін жинау науқанын қарқынды жүргізуде. Өңірдегі элеваторларға 800 мың тоннадан астам астық жеткізілді. Оның басым бөлігі жоғары сапалы азық-түліктік бидай. Еліміз бойынша 9,6 миллион гектар алқаптан егін жиналды. Лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарына 2 миллион тоннадан астам өнім жеткізілді. Тілші баяндасын. 

РКС: Ақмола облысында күзгі дала жұмыстары қарқын ала түскен шақ. Аймақ диқандары қазірдің өзінде 4 миллион тонна астық жинап үлгерді. Ол тікелей облыстағы астық қабылдау кәсіпорындарына жөнелтілуде. Қазір астық қабылдау нысандары қарқынды жұмыс режиміне көшкен. Облыста лицензиясы бар 67 астық қабылдау кәсіпорны бар. Зеренді ауданында «Kokshetau Zerno Produkt» серіктестігі жұмыс істеп тұр. Биыл астық қабылдау пункті биылғы егіннің 15 мың тоннасын сақтауға дайын. Егін орағы басталған шақтан бері астық мұндай тәулік бойы үздіксіз қабылдануда.  

СНХ: РУСТАМ БЕЙСЕНОВ, ЭЛЕВАТОР ДИРЕКТОРЫ: Қазір элеватор 80 процентке толды. Қалған 20-сы ішкі өңдеу жұмыстарына, атап айтқанда, кептіру, тазарту және кондициялауға арналған жедел резерв қызметін атқарады. Мұндай ұйымдастыру технологиялық процестің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды.

РКС: Элеваторға астық қабылдау кезінде әр партия міндетті түрде зертханалық тексеруден өтеді. Сараптама үшін 2 келідей өнімнен сынама алынады. Арнайы аспаптың көмегімен жүргізілетін жедел талдау 15 минут ішінде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде таразыда кезек туындауының алдын алады. 

СНХ: АЙНАШ АДАМОВА, ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ЗЕРТХАНАНЫҢ БАСТЫҒЫ: Таразыдағы жұмыс процесін тежемеу үшін біз «Infraneo» жылдам талдау құрылғысын қолданамыз. Сынама алып, сапа көрсеткіштерін анықтаймыз. Сондай-ақ қоспалар мен зиянкестердің бар-жоғын тексереміз. Егер ол анықталған жағдайда талдау парағына жазылады. Нәтижелерге сүйене отырып, астықты ылғалдылығына, класына және бидай, бұршақ тұқымдастар немесе майлы дақылдар түріне қарай бөлеміз. Жаңа өнімді бөлек сақтаймыз және оны алдыңғы егіннен қалған партиялармен араластырмаймыз.

РКС: Кәсіпорынның кептіру кешені сағатына 60 тонна астық өңдейді. Өңірде егінді кептіру үшін 269 астық кептіргіш пайдаланылады. Олардың 139-ы лицензиясы бар астық қабылдау, ал қалған 130-ы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы 7,3 миллион тоннадан астам. 

ГӘККУ БӘЙІШЕВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу