Отбасы күніне арналған тағылымды шара
ДИКТОР: Отбасы күніне орай Жарқайың ауданында тағылымды шара ұйымдастырылды. Белсенді ұзақ өмір орталығында «Отбасы – бізбен бірге жүретін жылу» атты кездесу өтті. Жиынға өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге еңсеріп, талай жыл бойы қол ұстаса ғұмыр кешкен алты ерлі-зайыпты арнайы шақырылды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мерекелік шараның шымылдығы бимен түрілді. Жарты ғасыдан астам бір-біріне сүйеу болып, қатар ғұмыр кешіп келе жатқан жандардың жарасымды жұптық биі кешке ерекше сән берді. Жылдар сынынан сүрінбей өтіп, отбасы берекесін сақтап келе жатқан ерлі-зайыптылар өздерінің қалай танысқанын, отбасылық өміріндегі жарқын естеліктері мен жүректерінде сақталған елеулі сәттерін ортаға салды. Бірге өткізген жылдарындағы қуанышы мен қиындығын еске алды.
СНХ: НИКОЛАЙ ХОЛОДЕНКО, ДЕРЖАВИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 1969 жылдың күзінде болды. Әскерден кейін осында келдім. Ағам екеуміз кинотеатрға бардық. Бірақ билет қалмапты. Содан үйге қайттық. Қаланың бір шетінен екінші қиырына жаяу бардық. Ол кезде Державинскіні тіпті білмейтін едім. Ертесіне қайтадан билет алып, киноға бардық. Сол жерде таныстым. Араласып жүріп, алты айдан соң үйлендік. Үш қызымыз бар. Тұңғышымыз 1969 жылдың 4 қарашасында дүниеге келді. Екіншісі 1976 жылдың 11 ақпанында туды. Ал үшінші қызымыз 1986 жылдың 18 қазанында дүниеге келді.
РКС: Бұл отбасының өнегесі – шаңырақтың берекесімен ғана шектелмейді. Отбасы мүшелері қаланың өсіп-өркендеуіне де үлес қосып, түрлі салада абыройлы еңбек етіп келеді. Державинск қаласы әкімінің орынбасары шараға арнайы қатысып, отбасыларға ақжарма тілегін білдіріп, сый-сияпатын табыстады.
СНХ: АЗАМАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, ДЕРЖАВИНСК ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әр шаңыраққа амандық, береке, бірлік пен бақыт тілеймін. Отбасыларыңызға қуаныш пен жылулық тола берсін. Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең болсын. Ортамызда үлгілі отбасы болып жүріңіздер, қартаймай, ауырмай, алтындай жылтырап, күмістей ағарып жүріңіздер.
СНХ: ҰЛБОЛСЫН АХМЕТОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Бүгінде 40, 50, тіпті 60 жыл бірге ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылар бар. Енді осы аталарымыз бен апаларымыздан қалған дәстүрді, өнегелі отбасылардың тәрбиесі мен құндылықтарын жастарға, өсіп келе жатқан буынға жеткізуіміз керек. Сіздер бұл дәстүрді жалғастырып келесіздер, сол үшін алғысымыз шексіз. Көптеген іс-шараларға белсене қатысып, өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп жүрсіздер. Жастар да мұндай кездесулерге қызығушылықпен келіп, сұрақтарын қойып, үлгі алады. Қазір біздің қоғамда, жалпы Қазақстанда отбасылық дәстүрлерге, отбасылық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрлерге ерекше мән беріліп отыр.
РКС: Жылдар жылжып, заман өзгергенімен, отбасыға деген жауапкершілік пен өзара сыйластықтың мәні өзгермек емес. Өнегелі шаңырақ иелері де осыны өмір жолдарымен дәлелдеп келеді. Олардың әрқайсысының артында – талай жылғы еңбек, бала тәрбиесі, бірге еңсерген қиындық пен қуанышқа толы ортақ ғұмыр бар. Бүгінде аға буынның тағылымды жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің негізіне айналмақ.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ