Қажымұқан ауылында мәдениет үйі ашылды
ДИКТОР: Целиноград ауданына қарасты Қажымұқан ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды. Ауыл тұрғындары бұл қуанышты оқиғаны салтанатты түрде атап өтті. Заманауи нысан ауылдың қоғамдық және мәдени өмірінің орталығына айналып, түрлі буын өкілінің қызығушылығын бір арнаға тоғыстыруды көздейді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Бұл күнді Қажымұқан ауылының тұрғындары асыға күтті. Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Дарын Сабырғали қатысты. Ол жиналғандарды құттықтап, жаңа нысанның ауылды дамытудағы маңызын атап өтті. Енді ауыл тұрғындарының шығармашылықпен айналысып, мәдени іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі арта түсті. Мұнда түрлі үйірмелер мен студиялар жұмыс істейді. Балалар, жастар мен ересектер өз қабілеттерін шыңдай алады.
СНХ: АЛПАМЫС ӘБЕНОВ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Аталған клубта хореография, актерлік шеберлік, домбыра, би және тағы басқа үйірмелер болады. Тағы айта кетсек, бұл клубта ақсақалдарға, ауылда орналасқан «Асыл әжелер» ансамбліне жеке бөлме қарастырылған. Бұл мәдени ошақты ауылымыз көптен күткен. Осы айтулы мерекемен баршаңызды құттықтаймын.
РКС: Қажымұқан ауылының тұрғындарына бұл атаулы оқиға шығармашылықпен айналысуға және өзара қарым-қатынас орнату мүмкіндіктеріне жол ашып отыр. Алда түрлі концерттер, мерекелік іс-шаралар, шығармашылық кездесулер мен жаңа жобалар ұйымдастырылады. Ең бастысы жаңа мәдени орталық тұрғындар асыға келетін, шабыт алып, пікір алмасатын әрі жаңа әсерге бөленетін орынға айналуы тиіс.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ