Дәрігерлік құпия: ақ халаттылар қандай мәліметті жария ете алмайды?
ДИКТОР: Басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген адам дәрігерге барған сәтінде денсаулығынан бөлек, ешкімге айта бермейтін жеке ақпаратын да сеніп тапсырады. Медицина мамандары қандай мәліметтерді құпия сақтауға міндетті және мұндай ақпарат қандай жағдайда үшінші тарапқа жариялануы мүмкін? Мәселенің мән-жайын тілшіміз анықтап көрді.
РКС: Дәрігерлер жариялауға рұқсат етілмеген құпияны сақтайды. Диагноз, талдау нәтижелері, тіпті адамның медициналық көмекке жүгінгені туралы деректің өзі заңмен қорғалады. Сондықтан дәрігер пациенттің денсаулығына ғана емес, сонымен қатар осы ақпараттың сақталуы үшін де жауапты. Оны рұқсатсыз жариялау белгілі бір заңдық тұрғыда жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Бұл мәселе Қылмыстық кодекстің 321-бабымен реттеледі. Онда кәсіби немесе қызметтік қажеттіліксіз медициналық ақпаратты жариялаған денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жауапкершілігі қарастырылған.
СНХ: ЖАХОНГИР ТҰРСЫМЕТОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-КАРДИОЛОГЫ: Дәрігердің пациенттің денсаулық жағдайы туралы ақпаратты тек қызмет барысында білгені үшін ғана жария етуге құқығы жоқ екенін түсіну маңызды. Мұндай ақпаратты бөлісудің заңды және кәсіби негізі болуы тиіс. Бұл ретте медициналық тәжірибеде дәрігерлерге пациент үшін қажетті жағдайларда, атап айтқанда, диагноз қою, қосымша тексерулер жүргізу және емдеу жоспарын айқындау кезінде, яғни жұмыс барысында ақпарат алмасуға тура келеді. Әрбір жағдай заң аясында жеке қарастырылады.
РКС: Азаматтан иммун тапшылығы вирусы инфекциясы анықталған жағдайда оған жазбаша түрде хабарлама жіберіледі. Оған сәйкес ол адам сақтық шараларын бұлжытпай орындауы тиіс, әрі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы да ескертіледі. Одан соң пациент құпия әңгімелесу жөніндегі қағазға қол қояды.
СНХ: НҰРСҰЛУ ЖҰМАТОВА, ОБЛЫСТЫҚ АИТВ-ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ИНФЕКЦИОНИСТІ: Пациенттер өздерінің иммун тапшылығы вирусы статусын жыныстық серіктестеріне хабарлауға міндетті. Өйткені инфекция жұқтыру қаупіне басқа адамды саналы түрде ұшыратуға және өз дертінен хабардар адамның ол ауруды жұқтыруына қатысты заңнамалық нормалар қарастырылған. Басқа адамның диагнозынан хабардар тұлғалар да әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
РКС: Дегенмен, заңда пациенттің өз келісімімен медициналық ақпаратты жария етуге болатын жағдайлар да қарастырылған. Мысалы, жұмысқа орналасу кезінде жеке тұлға жұмыс берушіге медициналық анықтамаларды, соның ішінде психиатриялық және нашақорлық қызметтерінен алынған құжаттарды тапсырады. Бұл жағдайда мәселе құпиялылықты бұзуда емес, керісінше, қажетті құжаттарды жеке тұлғаның өзі ұсыныуында.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ