Негізгі Жаңалықтар Ақмолалық диқандар 5 млн. тонна астық бастырды

Ақмолалық диқандар 5 млн. тонна астық бастырды


ДИКТОР: Ақмола облысының диқандары 5 миллион тонна астық бастырды. Өңірде егін орағы әдеттегіден ерте басталды. Қазіргі уақытта дәнді және бұршақ дақылдарының 83 проценті жинап алынды. Ауа райының қолайлылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілері биыл кемінде 6 миллион тонна астық жинауды жоспарлап отыр.

 

РКС: Аймақта жалпы көлемі 4,5 миллион гектар жерге дәнді және бұршақ дақылдары егілді. Бүгінгі таңда 3,7 миллион гектар алқаптың өнімі жиналып алынды. Мамандар өнім сапасының жоғары екенін атап өтуде. Бидайдың жалпы көлемінің шамамен 90%-ы 3-ші класқа жатады. Астықтың басым бөлігі құрамындағы ақуыз мөлшерінің жоғарылығын білдіретін «High-Pro» санатына жатады. Сандықтау ауданындағы «Байдалы» серіктестігінің алқаптарында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Мұнда өнімнің 95%-ы жиналып болды. Олардың орташа өнімділігі дәнді дақылдар бойынша гектарына 18 центнерді, ал майлы дақылдар бойынша 12 центнерді құрады.


СНХ: ӘНУАР ОРАЗАЛИН, «БАЙДАЛЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Күн сайын алқаптарда 30-ға жуық техника жұмыс істейді. Ауа райы қолайлы болғандықтан, біз осы мүмкіндікті пайдаланып, демалыссыз еңбек етудеміз. Шаруашылық аумағында астықты тазалауға және кептіруге арналған арнайы механикаландырылған кешендер бар. Барлық техника навигациялық жүйелермен жабдықталған, бұл бізге жанармай шығынын, өнімділікті, сондай-ақ техниканың орналасқан жері мен жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді.

РКС: Диқандар қолайлы ауа райын пайдаланып, егінді шығынсыз жинап алуға тырысуда. Қазіргі уақытта негізгі жұмыс жүктемесі техника жүргізушілеріне түсіп отыр. Олардың жұмыс күні таңнан басталып, кеш батқанда аяқталады. Басты міндет егінді уақтылы жинап, астық ысырабына жол бермеу.


СНХ: ПЁТР ЖЕЛЕЗНЯК, МЕХАНИЗАТОР: Жұмыс күніміз таңғы сағат 7-де басталады. Агрономның белгісімен егістікке шығып, жұмысқа кірісеміз. Сағат 22:00-ден кейін астық ысырабын бақылаймыз, астық масақтан түсе бастаған кезде сол күнгі жұмысты аяқтаймыз.

РКС: Аймақ бойынша егін жинау жұмыстарына 15 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, шаруалар майлы дақылдарды жинап жатыр. Биыл бұл дақыл 900 мың гектарға жуық алқапқа егілді, яғни соңғы үш жылда көрсеткіш төрт еседен астамға артты. Ірі агроөнеркәсіптік кешендердің қызметі тек егін жинаумен ғана шектелмейді. Олар сондай-ақ жергілікті елді мекендердің дамуына үлес қосады.

 

СНХ: ДИНА ҚОСМҰРАТОВА, ВЕСЁЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Өткен жылы серіктестік үш көшеге жарықтандыру жүйесін орнатуға және елді мекен ішіндегі жолдарды асфальттауға қаржы бөлді. Қазіргі уақытта ауыл орталығы абаттандырылуда. Қоғамдық демалыс саябағы салынып жатыр, ал балалар ойын алаңы, жаттығу және баскетбол алаңдары пайдалануға берілген.

РКС: Аймақтағы астық қабылдау кәсіпорындары 1,6 миллион тонна астық қабылдады. Өңірдегі астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 7,3 миллион тоннаны құрайды, бұл биылғы егін өнімін қабылдауға жеткілікті. Барлығы 269 кептіргіш қондырғы пайдаланылуда.

 ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу