Қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандар салынуда
ДИКТОР: Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен шалғай ауылдарда медициналық 10 нысан салынды. Құрылыс жұмыстарына 1,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Атбасар аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. Онда тұрғындар үшін қандай жағдай жасалған? Тілші баяндасын.
РКС: Бір жылда ғимараттың кіреберісі жаңартылып, ескі жабдықтары толық ауыстырылды.
СНХ: ГҮЛЖАҒАН ИСАБЕКОВА, АТБАСАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менің жолдасымның ауырғанына 25 жыл болды. Содан бері осы ауруханадан ем алып келеміз. Енді біздің мына аурухана жаңартылды. Біз ылғи Көкшетауға, Астанаға баратынбыз. Көбіне Астанаға. Өйткені балаларымыз сонда. Бәрін ақылы түрде өтейтінбіз.
РКС: Қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаржыға емдеу мекемесінің техникалық базасы нығайтылып, заманауи қондырғылар алынды. Енді аудан дәрігерлері кейбір күрделі операцияны жергілікті жерде жасай алады.
СНХ: ИСМАЙЫЛ БӨЛТЕНОВ, АТБАСАР АУДАНАРАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Біз қазір заманауи операциялар жасап жатырмыз. Атап айтқанда, жүрек тамырларына, перифериялық және ми тамырларына стенттеу операцияларын жүргіземіз. Бұрын мұндай операциялар жасалмайтын. Биыл Рентгенографиялық ангиограф қондырғысы орнатылды. Біз жаңа құрылғының көмегімен жүрек қан тамырларын, инсульт, инфракт сияқты ауруларды өзімізде емдейміз. Заманауи қондырғыны ақпан айында іске қостық. Осы уақытқа дейін 160 операция жасалды.
РКС: Қазір ауруханана ғимаратына жапсарлас МРТ нысаны салынып жатыр. Оған да арнайы қордан 170 млн теңге бөлінді. Жаңа мекеме жыл соңына дейін іске қосылмақ. Жалпы облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 12 нысан бой көтерді.
СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Нысандардың құрылысына 16 млрд-тан астам теңге бөлінді. Қазір барлығында жұмыс аяқталып, іске қосылды. Осы 12 нысанның екеуі спорт кешені болса, қалғаны медициналық мекемелер. Қайтарылған активтер өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға да бағытталуда.
РКС: Қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау саласында да бірнеше жоба жүзеге асырылды. Оған 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде 20 мыңдай тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізді
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ