Негізгі Жаңалықтар Аялдама бар – автобус жоқ: «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындары шағымданды

Аялдама бар – автобус жоқ: «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындары шағымданды


ДИКТОР: «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындары автобус қатынасының жоқтығына шағымдануда. Бұл мәселе 14-ші A, Б, В, Г, Д және Е үйлеріне қатысты туындап отыр. Үйлерінің жанындағы аялдама павильондары бірнеше ай бұрын орнатылғанына қарамастан, тұрғындарға ең жақын жұмыс істеп тұрған аялдамаға жету үшін шамамен жиырма минут жаяу жүруге тура келеді. Мән-жайды тілші анықтап көрді.  


РКС: «Сарыарқа» шағын ауданының тұрғындары күн сайын ең жақын қоғамдық көлік аялдамасына жету үшін біраз жер жаяу жүруге мәжбүр. Жолға кем дегенде 20–25 минут уақыт кетеді. Бұл әсіресе қарт адамдар, балалы отбасылар және мүгедектігі бар жандар үшін қиындық тудырады. Тұрғын үйлер былтыр осы кезеңде пайдалануға берілгенімен, қаланың басқа бөліктерімен тиісті көлік қатынасы әлі күнге дейін жолға қойылмаған. Сондай-ақ тұрғындар маңайда мектептер мен балабақшалардың жоқтығын айтып, қаладағы маңызды нысандарға өз беттерінше баруға тура келетінін алға тартады. Оның үстіне қаладан таксимен келу құны 1500–2000 теңгедей, ал кей жүргізушілер бұл шағын ауданға барудан мүлдем бас тартады.

СНХ: МӘРИЯШ МҰҚАНОВА,КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біз автобус қатынасының басталуын күтіп жүрміз. Қала әкімі жаздың басында-ақ автобус қозғалысы қыркүйекте, яғни айдың басында басталады деп уәде берген еді. Алайда, әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Сол себепті автобус қатынасын тезірек іске қосуға көмектесуіңізді сұрап, сізге жүгініп отырмыз. Мұнда негізінен зейнеткерлер, жас отбасылар және мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Ең жақын аялдама өте алыс орналасқан.Жаяу барғанда үш шақырымға дейін жол жүруге тура келеді. Әсіресе қыста, боран мен қатты аязда бұл өте қиынға соғады.

РКС: Тұрғындардың айтуынша, автобус аялдамалары былтыр желтоқсан айында орнатылған. Сондай-ақ жол белгілері қойылып, жаяу жүргіншілер өткелдері де жасақталған. Дегенмен, бұл шағын ауданға әзірге қоғамдық көлік қатынамайды. Қалалық әкімшілік өкілдерінің айтуынша, автобус қатынасын толыққанды жолға қою үшін жөндеу жұмыстарын аяқтап, жол мен шағын аудан арасындағы байланысты қамтамасыз ету қажет.


СНХ: СӘКЕН НАЗЫРОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ, КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Көкше Арена» маңындағы жол жұмыстары және «Сарыарқа» шағын ауданына қосылатын жол учаскесі әлі толық аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта тиісті бөлім жол айрығы мен Сарыарқа, 14-үй мекенжайындағы ғимараттарға апаратын жолды жалғауға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Алайда бұл жобаны іске асыру 2027 жылға дейін жоспарланбаған. Сол себепті биыл бұл бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынасын іске қосу мүмкін емес. Бөлім бұл мәселені назарда ұстап, бюджет қаражаты бөлінген кезде оны ескереді, біз бұл жайтты тиісті деңгейде қарастырамыз.

 РКС: Белгілі болғанындай, биыл Сарыарқа шағын ауданының тұрғындары үшін автобустан үміттенудің қажеті жоқ. Жергілікті билік бұл мәселені бақылауға алып, оған қажетті қаржыны бөлуге уәде беріп отыр. Әзірге тұрғындарға әлі де ең жақын аялдамаға дейін бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келеді. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу