Негізгі Жаңалықтар Ақмола облысында жасанды интеллект шаруаларға қолдау көрсетуде

Ақмола облысында жасанды интеллект шаруаларға қолдау көрсетуде


ДИКТОР: Ақмолалық шаруалар жасанды интеллект мүмкіндігін тиімді пайдаланып, мол өнім жинауда. Заманауи технология егістіктің өнімділігін бағалап, алқаптағы ылғал деңгейін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бұл шаруаларға жұмысты тиімді жоспарлап, өнім көлемін арттыруға жол ашып отыр. Бүгінде өңірдегі 1200-ге жуық серіктестік жаңа технологияның игілігін көріп келеді.

РКС: Игілік Тасенов басқаратын комбайн толық автоматтандырылған. Механизатор барлық процесті компьютер арқылы бақылап, техниканың жұмысын қадағалайды. 25 жылдық тәжірибесі бар маман заманауи технологияны жетік меңгеріп, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жүр.

СНХ: ИГІЛІК ТАСЕНОВ, МЕХАНИЗАТОР: Міне компьютері бар. Бәрін көрсетіп отырады. Ылғалын, обмалотон көрсетеді. Навигаторы бар. Патрулі бар. Жеңілдікпен жүреміз. 

РКС: Сандықтау ауданындағы серіктестік биыл 14 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Егістік алқаптардың барлығы цифрландырылған. Шаруашылық басшысы соның арқасында әр алқапты араламай-ақ, арнайы құрылғы арқылы егіннің жай-күйін бақылап, қажетті ақпаратты жедел алып отырады.

СНХ: АРЖАН ДУЛАТ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Кеңседе отырып-ақ алқап басындағы жағдайды біліп отырамыз. Яғни техниканың бағыт-бағдарын, өнімділік пен қанша жиналғанында көруге болады. Әрине бұл өте ыңғайлы. Сонымен бірге цифрландыру шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осы жұмысты дамытып, өзімізге тиімді ортақ жүйе жасауды көздейміз.

РКС: Бүгінде өңірде егін шаруашылығымен айналысатын 11 мыңға жуық ірілі-ұсақты шаруашылық бар. Қазірдің өзінде мыңнан астамы цифрландыру жүйесіне көшкен. Алдағы уақытта бұл жұмысты барлық шаруашылыққа енгізу жоспарланған. Себебі заманауи технология егіс алқаптарын тиімді басқаруға мүмкіндік беріп, өнімділікті арттыруға жол ашады.

СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл әрине бір гектарға шаққан кездегі шығынын 15-20 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы қандай ауыспалы егістікті сақтау керектігін, қандай ылғалды алдын ала болжап, ылғалға байланысты сұйық минералды тыңайтқыштарды пайдалану есебінде оң тәжірибелерін көрсетіп отыр. Бұл осы цифрлық технологиялардың нәтижесінде.  

РКС: Қазір аймақта күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін диқандар 3 млн гектардан астам алқапты игеріп, қамбаға 5 млн тонна астық құйды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу