Қосшыдағы орталық жылу қазандығының қуаттылығы артпақ
ДИКТОР: Қосшы қаласындағы орталық қазандықтың қуаты 36-дан 56 гигакалорияға дейін арттырылуда. Бұл қазіргі уақыттағы жылумен жабдықтау тапшылығын толықтай жоюға мүмкіндік береді. Болашақта нысанды ауқымды түрде кеңейту көзделген. Жаңа ғимараттың салынуы оның қуатын сағатына 90 Гигакалорияға дейін жеткізеді. Жаңғырту жұмыстарының қажеттілігі айқын, өйткені қала халқының саны қазірдің өзінде 100 мыңнан асты, ал инфрақұрылымға түсетін салмақ үнемі артып келеді.
РКС: Бұған дейін үш қазандықтың әрқайсысы жобалық көрсеткіштерге сай келмей, небәрі 12 гигакалория жылу беретін еді. Жылу энергиясының тапшылығын жою мақсатында жөндеу жұмыстары қолға алынып, оның аясында №3 қазандық заманауи үлгідегі қазандыққа ауыстырылды.
СНХ: ШОҚАН ЫБЫРАЕВ, «ҚОСШЫ-ЖЫЛУ» МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 2024-2025 жылғы жылыту сезонына Қосшы қаласының қазандығы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жылыту сезонына үшінші қазандықты ауыстыру толығымен тапсырыс берілген.
РКС: Ескі жабдықты алмастыру үшін жаңа қазандық жеткізіліп, толықтай орнатылды. Сонымен қатар, мамандар бірінші және екінші блоктардағы газ өткізбеушілікті қалпына келтіріп, тозған бөлшектерді ауыстыруда. Жобаның жалпы орындалу деңгейі 95 пайызды құрайды.
СНХ: ӘДІЛЕТ АХМЕТОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұрынғы қазандық 13 Гкал-ге есептелген, қазіргі орнатылған қазандықтың қуаты 32 Гкал. Барлық жұмыстар аяқталып жатыр. Қосшы қаласының қазандығы жылу беру маусымына дайын деп айтуға болады.
РКС: Желі қуаттылығына қатысты мәселелерді шешу мақсатында «Алтын Дала» тұрғын үй кешенінен «Асыл Түлік» шағын ауданына дейінгі жылу құбыры қайта жаңартылды. Ескі учаскені алмастыру үшін диаметрі 426 миллиметр және ұзындығы шамамен екі шақырым болатын жаңа құбыр төселді. Бұл шара өткізу қабілетін сағатына 16-дан 40 гигакалорияға дейін арттырып, жылумен жабдықтауға қатысты шектеулерді толығымен жойды.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ