15 қыркүйек - санитариялық сала қызметкерлерінің күні
ДИКТОР: Кеше ғана журналдар мен қарапайым бақылау әдістері, бүгін — цифрлық технологиялар, заманауи зерттеулер және жұмыстың жаңа тәсілдері. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет уақыт талабына сай өзгеріп, өзінің басты міндетін — халық денсаулығын қорғауды сақтап келеді. Бүгін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары кәсіби мерекелерін атап өтуде. Тілшіміз жалғастырады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жұмыс нәтижесі орын алған оқиғалардың санымен емес, олардың қаншасының алдын алғанымен өлшенеді. Күнделікті өмірде қалыпты қабылдайтын дүниелердің артында осы мамандардың еңбегі тұр. Таза ауыз су, қауіпсіз азық-түлік, балабақшадағы немесе өндірістегі санитариялық жағдай. Мұның барлығын күн сайын санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары қамтамасыз етеді.
СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Санитариялық дәрігер-эпидемиолог нағыз әмбебап маман. Оның жауапкершілік аясы өте кең. Мұндай маман күнделікті ахуалды бақылап, мониторинг жүргізіп, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтау үшін жан-жақты білімі мен кәсіби тәжірибесіне ие болуы керек. Ең бастысы оның міндеті орын алған мәселеге жай ғана әрекет ету емес, оның алдын алу - жаппай аурулардың өршуіне, жұқпалы инфекциялардың таралуына және халық денсаулығына қауіп төнуіне жол бермеу.
РКС: Өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің негізі өткен ғасырдың басында қаланды. Осы жылдар ішінде білікті мамандардың басшылығымен материалдық-техникалық базаны нығайту, кадр даярлау, заманауи құрал-жабдықтармен қайта жарақтандыру бағытында маңызды шаралар жүзеге асырылды. Мұның барлығы қызметтің одан әрі дамуына берік негіз болды.
СНХ: ҚАСЫМЖАН ТӘШМЕТОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Ақмола өңірінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет 1950 жылдардың соңында ұйымдастырылған. Ол малярияға қарсы күрес станциясы деп басталған екен. Ол өзі қазіргі кездегі Құдайбердіев көшесіндегі қала орталығында орналасқан. Басқармасының соңында ол маңында ескі үй болатын. Сол кезде, мысалы, қазіргі замандағыдай зертханалық құралдар шектеулі болатын. Ол кездегі біздің санитариялық инспекторларымыз, үлкен алдыңғы толқын ағаларымыз атпен, арбамен жүретін болған. Ауыл-ауылдарды, үлкен, кең байтақ осы өңірді бір апталап, айлап санитариялық-эпидемиологиялық жағдай бойынша тексеретін.
РКС: Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары санитариялық-эпидемиологиялық қызметі те өзгерді. Жүйедегі тәсілдер жаңарып, функциялар бөлінді. Алайда негізгі мақсат өзгерген жоқ. Ол — адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
СНХ: АЗАМАТ ТҮСІПБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз негізінен орталықтың, санитариялық-эпидемиологиялық станцияның қызметін атқарамыз. Департаментпен бірлесіп қорытынды жұмыстар жүргіземіз. Облыс көлеміндегі жұмыстарымыз бойынша эпидемиологтармен бірге түрлі зерттеулер жүргізіп, біздің қорытындыларымыз бойынша ошақтың түрін, аурудың түрін анықтап береміз. Сол бойынша Департамент түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, әрдайым болған ошақтарда немесе ауруға байланысты түрлі сынамалар алып, қауіпті факторларды анықтайды. Сол жұмыстардың барлығын біздің қызметкерлеріміз атқарады.
РКС: Бүгінде өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде 180-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Ал олардың еңбегіне көрсетілетін құрмет кәсіби мерекеде ресми түрде атап өтіледі.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, СӘНИЯ ИДРИСОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ