Ақмола облысында 1 млн. тоннадан астам шөп жиналды
ДИКТОР: Ақмола облысының шаруалары 1 млн тоннадан астам шөп жинады. «Бұл өңірдегі малдың қыстан қоңды шығуына жетеді»,- дейді мамандар. Жем-шөп жинау науқаны әлі де жалғасып жатыр. Биыл жазда күн райы қолайлы, шөп шүйгін болды. Бұл мал азығының бағасына қаншалықты әсер етеді? Тілші баяндасын.
РКС: Атбасар ауданындағы бұл шаруашылықта мыңға жуық бас мал бар. Оларды қыстан қоңды шығару үшін кемінде 1,5 мың тонна шөп қажет. Биыл ауа райы қолайлы болып, шөп бітік шыққан. Сондықтан шаруашылық иелері мал азығын молынан дайындап, қысқы науқанға қажетті қорды алдын ала жасақтап жатыр.
СНХ: ОЛЕГ ДАШЕВСКИЙ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ: Біз биыл 2 мың 300 тонна шөп жинадық. Барлығы рулондарға оралып, сақтауға қойылды. Бұл бізге алдағы екі жылға жетеді. Өйткені бізде әлі 2024-2025 жылдары жиналған мың жарым тонна қорымыз бар. Алдымен төрт түлікке сол азықты береміз. Даладағы барлық шөпті уақытында әкеліп алдық. Енді жем дайындауға кірісеміз.
РКС: Биыл жаздағы аптап ыстық пен қолайлы ауа райы шөптің шығымына оң әсер еткен. Шөптің молдығы ауыл тұрғындарын да қуантты. Өйткені, мал азығы жеткілікті болғандықтан, баға да айтарлықтай өспеген. Қазір бір орама шөптің құны шамамен 10-12 мың теңге.
СНХ: БОЛАТ ШӘЙМЕНОВ, АЙДАРЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Биыл, міне, 20 тюк шөп алдым. Былтырғы баға. Енді тағы сабан аламын. Қалыпты баға деймін. Енді аман-есен қыстан шығуға жазсын.
РКС: Өңірдегі төрт түліктің саны 1 млн 200 мыңнан асады. Оған 1,4 млн тонна шөп қажет. Қазір облыс бойынша мал азығының 90 проценті әзірленген. Жалпы аймақтағы асыл тұқымды мал ұстайтын қожалықтарға жем-шөп жинауда мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мал азығына байланысты қолдаулар бұл. Малды асылдандырған жағдай да сол алынған төліне байланысты 10 мың мен 5 мың теңгенің көлемінде азықтық қорын аздандатуға қаржы қарастырылады. Бұдан бөлек, сүт үшін де, сүт-тауарлы фермаларына өндірген сүт үшін де, сол шығынын азайту мақсатында литріне шаққанда 50 теңгеден, 15 теңгеден әр малдың басына байланысты мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп отыр.
РКС: Өңірде мал азығын дайындау науқанына мың 1500-ге жуық техника жұмылдырылды. Қазір шаруашылықтар шөп, сабан және сүрлем дайындау жұмыстарын аяқтауға жақын. Шаруалардың айтуынша, қысы қатаң аймақта мол жем-шөп қоры – малды қыстан аман алып шығудың басты кепілі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ