«Оқжетпес» - «Ertis»: 1:3
ДИКТОР: Қыркүйектің 15-інде волейболдан әйелдер арасында Қазақстан Республикасы кубогының іріктеу кезеңі басталды. Жарысқа жеті команда қатысып жатыр. Кеше жаңадан құрылған «Оқжетпес» әйелдер командасы алғашқы ойынын павлодарлық «Ertis» командасына қарсы өткізді. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Волейбол федерациясы өкілдерінің айтуынша, Қазақстан кубогының финалына жолдама алуға Қарағанды, Павлодар және Шымкент командаларының мүмкіндігі жоғары. Дегенмен биылғы кубоктың іріктеу кезеңі оңай өтіп жатқан жоқ. Командалардың барлығы да тәжірибелі. Әр кездесу тартысқа толы. Ұпай үшін күрес те өте қызу.
СНХ: ЕРМЕК СЫРЛЫБАЕВ, ВОЛЕЙБОЛДАН ҚР КУБОГЫ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІНІҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Шыны керек, Жоғары лига командаларының деңгейі сәл төмендеу болады деп күткен едім. Алайда кеше және бүгінгі ойындар олардың деңгейі бұдан әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Жоғары лига командалары арасында өте қызықты күрес болады деп күтіп отырмыз. Әрине, жергілікті «Оқжетпес» командасының осы деңгейдегі дебютін де асыға күтеміз. «Оқжетпестің» үздік төрттікке еніп, финалға жолдама үшін күресуге мүмкіндігі бар деп ойлаймыз.
РКС: Кездесу төрт сетте созылды. Бірінші сет 25:15 есебімен павлодарлықтардың пайдасына аяқталды. Екінші партияда да «Ertis» командасы басымдық сақтап, 25:17 есебімен жеңіске жетті. Ал үшінші сетте көкшетаулықтар 25:22 есебімен басым түсті. Өкінішке қарай, соңғы, төртінші партия 25:17 есебімен павлодарлықтардың пайдасына аяқталып, кездесудің жалпы есебі 3:1 болды.
СНХ: АЛЕКСЕЙ АНДРЕЕВ, «ОҚЖЕТПЕС» ЕРЛЕР КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Әйелдер командасы биыл ғана құрылды. Алдарына Жоғары лигада жеңіске жетіп, жоғарғы дивизионға жолдама алу міндеті қойылып отыр. Менің ойымша, Қазақстан кубогының іріктеу кезеңінде олардың қарсыластары мықты, Ұлттық лиганың командалары бар. Бұл қыздар үшін алғашқы бәсеке. Әрине, қиын болады, сондықтан қолдау қажет. Бірақ маусым барысында біртіндеп тәжірибе жинап, жақсы ойын көрсетеді деп ойлаймын.
РКС: Келесі ойынын «Оқжетпес» командасы бүгін Қызылорданың «Қайсар» командасына қарсы өткізеді. Айта кетейік, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша желтоқсан айында өтетін финалға екі команда ғана жолдама алады. Финалда Ұлттық лиганың алты командасы өзара мықтыны анықтайды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ