Оқушы «Tusin» жобасын әзірледі
ДИКТОР: Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін қоғамда ешқандай коммуникациялық барьер болмауы керек. Көкшетау қаласында 10 сынып оқушысы «Tusin» - ақпаратты ым-ишара тілін қолжетімді етуге арналған АІ-платформа құрастырды. Мақсат – технология арқылы есту қабілеті бұзылған адамдар мен қоғам арасындағы коммуникациялық кедергіні азайту.
ИНТЕРШУМ: Мысалы вокзал ішін алсақ, вокзалдарда экранный табло бар ғой сонда шетінде біздің сурдо аударма тұрады. «Құрметті жолаушылар, Астана–Көкшетау бағытындағы электр пойызы 15 минутқа кешігеді» деген хабарлама айтылса, есту қабілеті бұзылған адам оны естімейді. Ал электронды таблоның шетінде біздің цифрлық аудармашымыз сол ақпаратты ым тілінде бірден көрсетіп тұрады.
РКС: Санжар Ережепов Көкшетау қаласы, Абай атындағы №3 «Дарын» облыстық мамандандылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы. Ол білім алып жүрген мектеп жанында есту қабілеті бұзылған оқушылар оқитын арнайы мектеп-интернат бар.
СНХ: САНЖАР ЕРЕЖЕПОВ, ЖОБА АВТОРЫ: Күн сайын асханаға, жатақханаға немесе мектепке бара жатқанда сол балаларды көретінмін. Бір күні ойыма қарапайым ғана сұрақ келді: «Олар жалпы қалай өмір сүреді?» Мысалы, біз қандай да бір ақпарат немесе контент іздесек, TikTok-қа, YouTube-қа немесе Instagram-ға кіріп, қалаған видеомызды оңай таба аламыз. Ал есту қабілеті нашар адамдар үшін бұл қаншалықты қолжетімді? Олар жаңалықтарды, түрлі бейнематериалдарды қалай көреді? Қажетті ақпаратты қалай алады? Осы сұрақ мені қатты қызықтырды. Сондықтан мәселені өзім зерттей бастадым, осы бағыттағы адамдардың қандай қиындықтарға тап болатынын зерделедім. Зерттей келе, сурдоаударма саласында көптеген мәселе бар екенін түсіндім. Содан кейін осы мәселені технология арқылы шешуге болатын шығар деген ой келіп, «Тusin» жобасын қолға алдық.
РКС: «Тusin» жобасының өзектілігі – еліміздегі сурдоаудармашылар тапшылығы проблемасымен тікелей байланысты. Қазір Қазақстанда шамамен 200-ге жуық сурдоаудармашы бар. Ал ресми деректер бойынша, есту қабілеті бұзылған 30 мыңға жуық адам тіркелген. Бейресми мәліметтерде бұл көрсеткіш тіпті 200 мыңға жуықтайды. Мемлекет тарапынан әрбір есту қабілеті бұзылған адамға жылына 60 сағат тегін сурдоаударма қызметі көрсетіледі. Бұл күнделікті өмірдегі қажеттілік үшін өте аз. Соның салдарынан коммуникациялық кедергі туындайды. Мысалы, есту қабілеті бұзылған адам қоғамдық орында өз мәселесін еркін түсіндіре алмауы мүмкін. Ал еліміздегі білім беру ұйымдарында штаттық кестеде сурдоаудармашы деген маман мүлдем қарастырылмаған.
СНХ: САНЖАР ЕРЕЖЕПОВ, ЖОБА АВТОРЫ: Осы тұста біз осы мәселені Тusin жобамыз арқылы шешеміз. Яғни Тusin — бұл белгілі мәтінді немесе дыбысты фотореализм стиліндегі бейнеге айналдырады. Яғни біз тек қана мультяшный аватар дейді ғой, мультяшный аватарды ғана қолданбай, жалпы адам бейнесіне ұқсайтын цифрлық аудармашыны қолданамыз.
РКС: Жобаның тағы бір артықшылығы – жылдамдығында. Мысалы, 15 минуттық жаңалықтар бағдарламасына сурдоаударманы «Тusin» жобасы арқылы cанаулы минуттарда толық дайындауға болады. Бұл уақытты да, қаржыны да айтарлықтай үнемдейді. Сонымен қатар әуежай, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банк тағы басқа қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі жандарға жылдам әрі нақты ақпарат береді. Санжар жетекшісімен №4 арнайы мектеп-интернатқа барып, жобаны таныстырды. Тusin-нің артықшылығын есту қабілеті бұзылған балаларға, ондағы ұстаздарға таныстырды.
СНХ: АЙГҮЛ КҮЛБАЕВА, №4 АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТЫҢ МҰҒАЛІМ-ДЕФЕКТОЛОГЫ: Қазіргі таңда біздің мектебімізде есту қабілеті бұзылған 60 бала коррекциялық қолдау алып отыр. Оның 26-сы – кохлеарлы имплант қолданатын балалар. Жоба бізді де, балаларды да қызықтырды. Себебі визуалды құралдар мен ым тілін пайдалану – есту қабілеті бұзылған балалар үшін өте қажет. Бұл жоба білім беру саласында да бізге үлкен көмек болар еді. Өйткені мұғалімдер үшін оқу материалын түсіндіруді, балаларға нұсқаулық беруді жеңілдетеді. Біздің балалар ақпаратты негізінен көру арқылы қабылдайды. Сондықтан осындай визуалды технологияның болуы – өте үлкен қолдау. Санжардың дәл осындай әлеуметтік маңызы бар мәселеге назар аударуы қуантады. Бұл қазіргі жастардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетеді.
СНХ: АРИНА ЧУРСИНА, ОҚУШЫ: Мен 10-сыныпта оқимын. Менің ойымша, бұл бағдарлама болашақта көптеген адамдарға қажет болады. Мысалы, мен колледжге немесе университетке түскен кезде сурдоаудармашының көмегіне жүгінбей-ақ, осы бағдарламаны пайдалана алар едім. Бұл есту қабілеті бұзылған адамдарға білім алуға және қоғаммен еркін араласуға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын.
РКС: Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – аударма сапасын бақылау. Санжар жасанды интеллекттің кей жағдайда қателесуі мүмкін екенін ескеріп, дайын бейнелерді кәсіби сурдоаудармашыларға тексертіп, жүйенің дәлдігін арттыруды жоспарлап отыр. Қазір жоба авторы осы саланың мамандарымен және қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатуда. Негізгі мақсат – қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндермен жұмыс істейтін жүйені дамыту. Кейін жобаны Орталық Азияға, одан әрі халықаралық нарыққа шығаруға ниетті.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ